Созақ ауданының ресми сайты

Созақ ауданының қысқаша тарихы

Созақ ауданы – Түркістан облысының солтүстігінде, Қаратау жотасының етегінде орналасқан, ежелгі тарихы терең, киелі өңір. Оңтүстігінде СауранБәйдібек аудандарымен, солтүстігінде Ұлытау облысының ҰлытауЖаңаарқа аудандарымен, шығысында Жамбыл облысының Сарысу ауданымен, батысында Қызылорда облысының Сырдария, ШиеліЖаңақорған аудандарымен шектеседі. Шекарасының жалпы ұзындығы 1255 шақырымнан астам, барлығы құрлық арқылы өтеді.

Жерінің көпшілік бөлігін тасты-құмды шөлді жазық (БетпақдалаМойынқұм) алып жатыр. Оңтүстік және оңтүстік-батысында ала Қаратау жотасы орналасқан. Солтүстік-батысында Ащыкөл ойысы, Тамғалы соры, орталық бөлігінде Тамғалынұра қонысы, шығысында Сүмбешетарал қонысы мен сор жерлер орналасқан. Ең биік жері – Бессаз шыңы. Оны жергілікті халық Мыңжылқы деп атайды. Оның биіктігі – 2176 метр. Сілемі солтүстік-батыс бағытқа қарай 420 шақырымды құрайды.  

Табиғат зоналары ендік бағытында созылып жатыр. Созақ ауданының Солтүстік ендігі Кишинев пен Будапешт қалаларының ендігінде, ал Оңтүстігіндегі шеткі нүктесі София, Рим қалалары орналасқан ендікте жатыр.

Созақ ауданы – қазақ халқының рухани-мәдени және саяси тарихында ерекше орын алатын аймақ. Аудан 1928 жылы Қазақстанда әкімшілік-аумақтық бөлініс кезінде құрылды. Жер көлемінен облыс бойынша бірінші орында. Аумағының үлкендігі Израильден екі есе, Тайваньннан 1,5 есе, Белгиядан 1,5 есе, Орталық Америкадағы Сальвадор мемлекетінен екі есе үлкен. Қазіргі таңда жер көлемі 4 104 940 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланудағы жерлер 831 581 гектар, өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылық емес басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер 84 157  гектар, босалқы жерлер (ауданның арнайы жер қоры) 1 888 964 гектар, орман қорының жерлері 1 034 898 гектар, су қорының жерлері 3 245 гектар, елді мекендердің жерлері 261 296 гектар, ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері 799 гектар. Кеңес дәуірінде аудан негізінен ауыл шаруашылығы бағытында дамып, мал шаруашылығы мен егіншілік кең өріс алды. Сонымен қатар білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау салалары да кезең-кезеңімен дамыды.

Аудан орталығы – Шолаққорған. Ауыл 1934 жылдан бері Созақ ауданының орталығы болып саналады. Облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 110 шақырым жерде, Қаратаудың солтүстік беткейінде, далалы, шөлді мекенде орналасқан. Ауыл арқылы Шымкент-КентауТүркістан-Жаңатас автомобиль жолы өтеді.

Созақ жерінің тарихын айтқан кезде «Созақ» сөзінің атауына да мән бере кету керек. «Созақ» сөзі ескі кітап жазбаларында кездеседі, онда «Ұзақ Жер», «Ұлы Жер» деген мағынаны білдіреді. Ал ескі түркі тілінде Созақ «Халық тұратын мекен», «Манзилгох» деген мағынаға саяды.

Созақ атты ауылдар Самарқанд облысының Бұлынғыр атты ауданында, Андижан облысының Хожабар ауданында бар. Алайда Созақ шаһарының қашан пайда болғандығы және Созақ атауының қалай шыққандығы туралы нақты деректер жоқ. Десе де, Созақ шаһарының атауының шығуы жайлы жергілікті тұрғындар арасында мынадай аңыз деректер айтылады: ертеректе Созақ шаһарының төңірегі сазды болып, осы саздың бетінде көлшік болып су жатқан. Жергілікті халық саз бетіндегі суды «зәк суы» дейді. Осыдан «суызәк» деген сөз пайда болып, ол «Созақ» атауына айналған болуы мүмкін деп топшылайды.

Атақты өзбек ғалымы, профессор Хамидулла Хасанов Созақтың осы  мағынасын ақиқатқа жақын деп талқылайды. Ертедегі түркі тілі ескерткіштері сөздігінде «сузук» сөзі бар, бұл сөздің мағынасы «таза, мөлдір» дегенді білдіреді. Бұл да ақиқатқа жақын, себебі Созақ төңірегінде әулиелер көп болған. Сондықтан бұл жердің суы да, жері де таза деген тұжырымға келуге болады.  

Созақ атауы көне жазбаларда да кездеседі. Ежелгі Сұзақ қаласы ортағасырлық түркі өркениетінің орталықтарының бірі болған. Археологиялық деректерге сүйенсек, бұл өңірде қоныстану тарихы бірнеше мыңжылдыққа созылады. Орта ғасырларда Сығанақ, Сауран, Отырар секілді қалалармен қатар Созақ та дамыған қала болған. Сауда мен қолөнер өркендеген, ислам діні таралып, діни және білім орталықтары қалыптасқан.

 

XIV-XV ғасырларда Созақ қаласы Қазақ хандығының құрылуына куә болған мекендердің бірі саналады. 1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған Қазақ хандығының алғаш қалыптасу кезеңінде Созақ маңы саяси маңызды аймақтардың біріне айналды. Тарихи деректерде хандықтың алғашқы орталықтарының бірі ретінде аталуы оның сол кездегі маңызын айқындайды. XVIII-XIX ғасырларда Созақ өңірі Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте де өзіндік рөл атқарған.

Бүгінде Созақ – өткеннің өнегесін бүгінге жалғап, тарихтың терең қойнауынан сыр шертетін киелі мекендердің бірі. Бұл өңір – көне заманның куәсіндей болған тарихи жәдігерлерге, аңызға айналған әулие-әмбиелердің ізі қалған қасиетті орындарға бай. Мұнда салт-дәстүр мен ұлттық мәдениет тұнығын шайқалдырмай, ұрпақ санасына сіңіріп келе жатқан халық өмір сүреді. Созақ топырағында ел қорғаған ерлер, даулы мәселенің түйінін тапқан би-шешендер, халыққа адал қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткерлері дүниеге келген. Қасиетті мекеннің тұрғындары ата-баба аманатын қастерлеп, рухани мұрасын көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат етіп жеткізіп келеді.