Созақ ауданының ресми сайты

Әлеуметтік-экономикалық жағдайы

Аудан экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығы мен егіншілікке негізделген. Сонымен қатар, ауданда уран өндірумен айналысатын кәсіпорындар жұмыс істейді, бұл өз кезегінде өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің ұлғаюына оң әсерін тигізуде.

2024 жылы аудан экономикасына 240 миллиард 495 миллион теңге инвестиция тартылды, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 203 пайызға немесе 121 миллиард 999 миллион теңгеге артқанын көрсетеді.

2024 жылдың 1 қаңтарына жергілікті бюджет кірістеріне 27 млрд 630 млн 586 мың теңге қаржы түскен. Нәтижесінде жоспар 124,4 пайызға немесе 5 млрд 417 млн 724 мың теңгеге өзіндік кірістер есебінен артығымен орындалды. Оның ішінде трансферттер 8 млрд 340 млн 780 мың теңге, өзіндік кірістер 19 млрд 289 млн 806 мың теңгені құрады. Ал бюджет шығыстары 23 млрд 126 млн 378 мың теңгені құрап, 99,9 пайызға игерілді.

Жұмыспен қамту саласы бойынша, ұлттық жобалар шеңберінде 2024 жылы 4 591 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, жылдық жоспар 113 пайызға орындалды. Оның ішінде ұлттық жобалар аясында 84 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 2024 жылы 90 жаңа жұмыс орны ашылды. Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы бойынша да 1 321 жұмыс орнын ашу жоспарланған, нәтижесінде 1 478 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, 1 278 адамды бос жұмыс орындарына жұмысқа жіберу қарастырылып, оған 12 айдың қорытындысымен 1 948 адам жолданды.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес, 750 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12 айдың қорытындысымен 766 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 2024 жылы 6 рет жәрмеңке өткізіліп, 216 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды. Бүгінгі таңда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды.

Созақ ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізіп келеді. Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы инвестициялар, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және коммуналдық қызметтердің жақсаруы ауданның тұрақты дамуына негіз болуда.

Өнеркәсіп саласы

Созақ өлкесінің өнеркәсіптік әлеуеті жоғары. Ел көлемінде уран өндірісі бойынша көш керуенін Созақ ауданы бастап тұр. Созақ ауданының өнеркәсіп саласы өңір экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып саналады. Уран өндіру өнеркәсібі ауданның дамуына ерекше серпін беруде.

«Қазатомөнеркәсіп» – табиғи уран өндіру бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Ол экологиялық қауіпсіздік пен заманауи өндіріс технологияларын ұштастыра отырып, әлемдік нарыққа жоғары сапалы өнім жеткізеді. Компанияның жұмысы Қазақстанның ядролық энергетика саласындағы халықаралық беделін арттыруға елеулі үлес қосуда. Бүгінде Созақ ауданының аумағында әлемге танымал «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына қарасты бірқатар уран өндіруші кәсіпорындар жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, «Инкай», «Буденовское», «Орталық»,  «Katco», «Ақбастау», «Қаратау», «ЮГХК», «Аппақ, «ҚазАтомӨнеркәсіп-SaUran» кен орындарында экологиялық талаптарға сай заманауи технологиялар қолданылып, жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен уран өндіріледі.

Мұндағы «Инкай» бірлескен кәсіпорнында уран өндіру жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен жүзеге асады. Жыл сайын ондаған тонна табиғи уран өндіріліп, әлемдік нарыққа экспортталады. Ал «Буденовское» кен орны – еліміздегі ең ірі уран кен орындарының бірі. Бұл жерде бірнеше бірлескен кәсіпорындар уран өндірумен айналысады. «Буденовское» кенішінің табиғи уран қоры мол, әрі стратегиялық маңызы жоғары.

Жалпы, уран өндіру саласы аудан халқын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, өңірде әлеуметтік нысандардың салынуына және инфрақұрылымның дамуына ықпал етуде.

Сонымен қатар, ауданда уран өндірісінен бөлек құрылыс материалдарын өндіру және шағын өнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа жобалар қолға алынып, өңдеу өнеркәсібі саласында жаңа мүмкіндіктер туындады. Бұл бағыттағы жұмыстар Созақ ауданының өндірістік әлеуеті жоғары өңірлердің қатарына қосуға мүмкіндік береді.

Ауылшаруашылық саласы

Созақ ауданының ауылшаруашылық саласы – өңірдің экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Аудан тұрғындарының көпшілігі осы салаға тартылған, өйткені ауыл шаруашылығы – жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігінің негізі. Табиғи-климаттық жағдайлар мал шаруашылығы мен егіншілікпен айналысуға қолайлы мүмкіндіктер береді.

Ауданда мал шаруашылығы кеңінен дамыған, әсіресе қой, сиыр және түйе өсіру басым бағыттардың қатарында. Сонымен қатар, бақша дақылдары мен дәнді-дақылдарды өсіру де жылдан-жылға ілгерілеп келеді. Ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу және өндірісті әртараптандыру арқылы сала біртіндеп жаңарып, нарықтық сұранысқа бейімделуде. Мемлекеттік қолдаудың, субсидиялар мен бағдарламалардың арқасында ауыл шаруашылығында жаңа жобалар іске асырылып, кәсіпкерлікке жол ашылып келеді. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартып, аудан экономикасының тұрақты дамуына ықпал етеді.

2023 жылы Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған 210 жоба қаржыландырылған болатын. Бұл жобаларға жалпы сомасы 1,2 миллиард теңге қарастырылған еді. Аталған шаралар өңірлік өнім көлемінің артуына септігін тигізді. Атап айтқанда, 2021 жылмен салыстырғанда өңірдің жалпы өнім көлемі 46 пайызға өсіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 665 миллиард теңгеге жетті. Ал 2024 жылдың қорытындысымен ауданда 801 млрд. 936 млн. теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 115,3 пайызға артты.

Сонымен қатар, аталған бағдарлама шеңберінде 4 ауылдық округте ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, олар жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынды. Оған қоса, бірнеше шаруашылықтар мен кооперативтер техникалар мен жабдықтар сатып алу үшін қажетті қаржыландыруды алды. Мысалы, «Ran Agro» кооперативі ет өнімдерін қайта өңдеу цехын ашу үшін 24 миллион теңге қаржы алса, «Аманжол Ш» және «Әйгерім» шаруа қожалықтары әрқайсысы 14,5 миллион теңгеден несие алып, Донфенг-904 тракторларын сатып алды.

2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың мақсаттары мен міндеттері айқындалып, өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға біршама қосымша күш-жігер жұмсалды.

2023-2024 жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялар да айтарлықтай өсіп, негізгі капиталға 1 миллиард 315 миллион теңге тартылды, бұл жылдық жоспарды 109,5 пайызға орындауға мүмкіндік берді (жоспар – 1,2 миллиард теңге). Тамақ өндірісіне 211 миллион теңге инвестиция тартылып, жоспар толық орындалды. Сонымен қатар, 14 638 гектар егістік жер игеріліп, жоспар 101,9 пайызға орындалды (жоспар – 14 363 гектар). Ауыл шаруашылығы техникаларының саны 37 бірлікке артты, жоспар 102,7 пайызға орындалды. Су үнемдеу технологиялары бойынша 201 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісі енгізіліп, жоспар артығымен орындалды (жоспар – 200 гектар).

 

2024 жылдың қорытындысымен ауданның ауыл шаруашылығында өндірілген негізгі өнімдер келесідей болды: 12 042 тонна ет, 7 548 тонна сүт, 1 947 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сонымен қатар, 2024 жылдың аяғында аудан бойынша мал саны да елеулі өсті: 31 621 бас мүйізді ірі қара, 225 479 бас ұсақ мал, 15 205 бас ешкі, 29 404 бас жылқы, 14 937 бас түйе және 26 692 бас құс тіркелді.

«Жер аманаты» жобасы бойынша Созақ ауданының жалпы жер көлемі 4 104 940 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 831 581 гектар, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және басқа да мақсаттарға арналған жерлер – 84 157 гектар, босалқы жерлер – 1 888 964 гектар, орман қорының жерлері – 1 034 898 гектар, су қорының жерлері – 3 245 гектар, елдімекендердің жерлері – 261 296 гектар және ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерлері – 799 гектар. 2023 жылы «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмай жатқан 15 000 гектар жер учаскесі аудандық жер қорына қайтару жоспарланған болатын. Соған сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша 15 075,1 гектар жер учаскесі аудан қорын қайтарылып, жоспар толығымен орындалды.

Бүгінгі таңда Созақ ауданының ауыл шаруашылығы және жер пайдалану салаларындағы қолдау шаралары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр.