 
			Туризм саласы
Созақ ауданы – Түркістан облысының батысында орналасқан,
тарихы терең, табиғаты бай өлке. Бұл өңір көне заманнан бері мәдениет пен
руханияттың орталығы болып саналған. Ауданда ежелгі қорғандар мен әулие
кесенелері сақталған. Әсіресе, XII–XIII ғасырларға тән Созақ қорғаны ерекше
назар аудартады. Ол дәуірінде қазақ хандарының ордасы болған деген деректер
бар. Сонымен қатар, Ақбикеш мұнарасы,  Баба
Түкті Шашты Әзіз, Ысқақ баб, Қазаншы ата, Қарабура әулие кесенелері т.б. көпшілік
зиярат ететін киелі орындарға жатады.
Созақтың табиғи ерекшеліктері де туристерді өзіне
тартады. Аудан аумағы кең дала, таулы аймақтар мен шөлейт жерлерден тұрады.
Қаратау жотасының баурайында сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар тіршілік
етеді. Бұл өңір табиғат аясында демалып, экотуризммен айналысқысы келетіндер
үшін таптырмас мекен. 
Созақ әулиелер мекені ретінде де кеңінен танымал. Әр жылы
ауданға еліміздің әр түкпірінен зиярат етушілер келеді. Киелі орындарға сапар
шегу – аудан туризмінің маңызды бағыттарының бірі.
Бүгінде аудан әкімдігі туризмді дамыту мақсатында жүйелі
жұмыстар жүргізуде. Инфрақұрылымды жақсарту, жолдарды жөндеу, туристік нысандар
салу, тарихи орындарды насихаттау бағытында нақты жоспарлар қабылданған.
Тарихы мен табиғаты тұтас үйлескен Созақ ауданы болашақта
еліміздің туризм картасындағы маңызды орталықтардың біріне айналары анық. Бұл
өлкені бір көру – тарихпен сырласу, табиғатпен табысу, руханияттан нәр алу.
Республикалық
маңызы бар ескерткіштер
Баба ата қалашығы
Бұл – орта ғасырлардан сақталған көне қала жұрты. Созақ ауданының Бабата ауылының солтүстік бөлігінде орналасқан. Қалашыққа алғаш назар
аударған орыс ғалымы – Г.И. Спасский. Кеңес дәуірінде Бабата
толық зерттеліп, оның кенттік құрылысы, мәдениеті, архитектурасы жайлы деректер
жарыққа шыққан. 1946 жылы
Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә. Марғұлан) зерттеген. 1953-1954 және 1957-1958 жылдары
экспедиция тұрақты қазба жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген
қазба жұмыстары нәтижесінде қала тіршілігі төрт кезеңнен тұрғандығы анықталды: 
VI-VII ғасырлар – бекіністі мекенжай кезеңі;
VIII-X ғасырлар – қорғаныс қабырғалары, мұнаралары,
сыртқы дуалы мен орлары бар бекініс-қала кезеңі;
X-XII ғасырлар – қала құрылысының кеңейген, рабад
салынған, қорғаныс қабырғалары нығайып, тұрғындар саны көбейіп, шаруашылық,
қолөнер түрлерінің дамыған кезеңі;
XIII-XIV ғасырлар – кенттің біртіндеп күйреу кезеңі.
Тұтастай алғанда Баба ата қалашығы құрылыс-қорған болды.
Онда қорғаныс үшін барлығы жасалған еді: мықты дуалдар мен биіктігі жеті
метрден асатын мұнаралар, бұрыштарында тұтас мұнаралары бар қамал мен су
толтырылатын ор. Археологтар қамал маңынан тапқан наубайхана, су жинайтын жүйе,
құдықтар да ұзақ уақыттық қорғаныс үшін дайындалған. 
Бабата – Түркістан мен Сайрамнан кейінгі орында әулие бабтардың Қыпшақ даласына ислам дінін таратуында үлкен орталық болған
кенттердің бірі. Кентті діни орталыққа айналдырған адам – Ысқақ Баб. Ол кісіні халық Баб-Ата деп, кентті де соның есімімен атап кеткен.
Бабата кенті ғылымда әдебиетте көптен белгілі, орта ғасырлардағы жазбаларда жиі
кездесіп отырады. Ғылыми
әдебиеттерде Бабата X ғасырдағы жазба деректерде кездесетін Баладж қаласының
орны деген пікір бар. Қазан төңкерісіне дейін осы маңдағы қыстақта Баба ата медресесі жұмыс істеген. 
Баба ата медресесі 
Баба ата медресесі – республикалық
маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші. Ол Созақ ауданы, Бабата ауылының солтүстік бөлігінде орналасқан.
Мұсылмандық жоғары оқу орны болып табылатын Баба ата медресесінің ғимараты XIX
ғасырдың соңында тұрғызылған. Құрылыс бір қабатты және онда дәстүрлі
сәулеткерлік XIX ғасыр соңындағы орыс архитектурасының элементтерімен үндескен
Қазақстанның оңтүстігіндегі кейінгі діни сәулетшілік өнерінің үлгісі болып
табылады. Өкінішке орай, Баба атаның бұл құрылыстары бізге үлкен өзгерістермен
жетті. Көнекөздердің айтуынша, отызыншы жылдары Созақ аудандық комитеті
құрылысына кірпіш алу үшін Баба ата кесене-мешітімен қатар медресенің бірқатар
бөлмелері бұзылып алынды. Шамамен қырықтан астам арба күйдірілген кірпіш
әкетілген. Жұмысшылар Баба ата
мешіт-кесенесі порталының
жоғарғы бөлігін бұза бастағанда жергілікті тұрғындар билік орындарына
шағымданып, ескерткіштердің одан әрі қиратылуы тоқтатылды. Кейіннен медресе мен
мешіт жергілікті ұжымшардың қоймасы ретінде пайдаланылды. ХХ ғасырдың екінші
жартысында медресенің 11 бөлмесі шаруашылық қажеттіліктер үшін бұзылыпты.
Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін ғана ескерткішті алғашқы
қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді және оларды байырғы діни мақсатта
пайдалану қолға алынды. Сөйтіп медреседе реставрациялық жұмыстар мен  Баба ата кешенін туризм мен зиярат орталығына
айналдыру үшін ескерткіштер аймағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. 
Ысқақ баб (Бабата) кесенесі
Кесене өзінің құрылысымен, салыну тәсілімен өте
ерекшеленеді. Мұнда негізінен екі күмбез бар. Бірі – үлкен, екіншісі-кіші.
Кішісінің астында Ысқақ баб әулие және әйелі, балалары жатыр. 
Екі күмбездің ара салмағы мынадай: артқы кіші күмбездің
диаметрі 25-27 метрдей болса, үлкені 36 метр. Үлкен күмбездің астында жаназа
намазы оқылады деп есептелген. Құрылысты жүргізетін шебер Бұхарадан алдырылған.
Шеберлер Ысқақ баб әулиенің тозған топырағын-сыпасын жөндеуден бастаған.
Топырағын қасынан алған. Қазір ол жер ойпаң қалпында әрі жақсы сақталған.
Кірпішінің арасына қосатын балшықты бөлек жерден даярлаған. Оған ақ керіш у
тасты майдалап уатып, талқандап қосқан. Аралары берік болсын деп аттың, бураның,
серкенің қылын, шудасын, жүнін турап салған. Сағана-мешіттің күмбезін жасау
үшін сол кездегі әдіс бойынша ағаштан «тақия қалып» жасаған. Күмбезді өргенде
екі қыш тіке, бір қыш жонылы, қиғаш қаланып отырған.
Ел қарияларының айтуына қарағанда, дін уағыздаушылары
Ысқақ бабтың сағанасына мешіт-мазар салуды 1883 жыл шамасында қолға алған десе,
зерттеуші ғалым В.Колоссовский 1901 жылы Ысқақ баб сағанасына 1025 жыл болғанын
жазып қалдырған. Сонда сағана 876 жылы салынған 
болып шығады. 
Ысқақ баб мешіті сырттай қарағанда Ахмет Яссауи кешенін
еске түсіреді. Сәулет өнерінің құнды ескерткіші ретінде өзіндік орны бар
екендігінің айқын дәлелі – Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1971 жылғы 7
маусымдағы қаулысымен Бабатадағы мешіт пен медресенің мемлекеттік қорғауға
алынып, оларға республикалық дәрежеде қорғау категориясы берілуі.
Қазіргі Бабата ауылындағы Ысқақ баб кесенесі әлденеше рет
қайта жөнделіп, 1990 жылдан мәдени ғимараттар есебіне алынды.
Аңыздар мен деректер не дейді?
Ысқақ баб – дала түріктеріне ислам дінін ең алғаш
таратушылардың бірі. Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз бен Әзірет Әлінің тікелей
ұрпағы болып келетін Ысқақ бабтың елдің мәдени, рухани өрлеуіне қосқан үлесі,
сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ол екі елді елдестіруші, екі мәдениет – араб
мәдениеті мен көшпелі елдің байырғы мәдениетін жақындастырушы, шын мәніндегі
мұсылман әлемінің абыройлы өкілі.
Тарихи шежірелерде Ысқақ баб, сайып келгенде,
Пайғамбарымыздың тікелей нәсілі боп саналып, өзінен санағанда алтыншы, әкесінен
бермен есептегенде бесінші ұрпағы ретінде айтылады. Ал, бүкіл Түркі дүниесіне
әйгілі Қожа Ахмет Яссауи осы Ысқақ бабтың кіндігінен тараған сегізінші ұрпағы
екені даусыз.
Ысқақ бабтың өзге бабтардан айырмашылығы, ол Күтейбаның
шапқыншылық саясатымен келіспей, елді иландыру арқылы дінге кіргізу керек
деген. Ысқақ бабтың соғыс әрекеттерінен гөрі бейбіт тұрмысты жақтағандығы
жөнінде ел аузында аңыз-әңгімелер көбірек сақталған.
Шежіре-насабнамелерде Ысқақ баб Түркістанға хижра санауы
бойынша 150 жылдары келді деп көрсетілген. Сол кездегі дала түріктерінің ең
шеткі шекарасы болып саналған Қаратаудың терістігіндегі Қаракөз бұлағының
басына қоныс теуіп, осында тұрып қалған. Мешіт, медресе салып, бала оқытып
қазақ тайпаларының исламға көзін ашқан. Сол жерге жерленіп, басына сағана
тұрғызылған. Содан бері ұлы шайхының жатқан жерін жергілікті халықтар Бабата
деп атап кеткен.
Ысқақ баб туралы зерттеу жұмыстарын белгілі ғалымдар
Колосовский, Аристов, Кастанье және жергілікті қаламгерлер М.Жәмеков және
Д.Тұрантегінің еңбектерінде көрініс тапқан.
Ноғай Ишан мешіті
Түркістан облысы,
Созақ ауданы, Созақ ауылдық округі Созақ ауылында орналасқан. Мешіт құрылысы 1876 жылы басталып, 1896 жылы
аяқталған. Кей деректерде 1902-1903 жылдары бой көтерген деседі. Мешіт ҚР Мәдениет
және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі №88 «Республикалық маңызы бар
тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы»
бұйрығына сәйкес ХІХ ғасырдағы қала құрылысы және сәулет ескерткіші ретінде
тізімге енгізілген.
Ескерткіш негізінен күйдірілген
кірпіштен тұрғызылса да, оның көптеген құрылымдарына ағаш пен темір
пайдаланылған. Құрылыстың жалпы ауданы – 32х15 метр. Жоспарда төрт бұрышты
болып келетін ғимарат бір-бірімен байланысқан бірқатар бөлмелерден және шығыс
жағынан Құрбан айт кезінде дүйім жұрттың намазға жығылатын, құбыланы
бағыттайтын михрабы бар үлкен айван-галереядан тұрады. 
Мешіт
1896 жылдан 1928 жылға дейін жұмыс істеді. 1928 жылдан бастап 1993 жылға дейін
астық қоймасы, клуб ретінде пайдаланылды. Осы кезде оған едәуір өзгерістер
енгізіліп, кейбір қабырғалар ойылып терезелер орнатылды. Бөлмелер іші бөлшектеніп,
басқа да өндеу жұмыстары жүргізілді. 1993 жылдан
бастап қайта мешіт қызметін атқара бастайды. 
Мешітке
2017 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстары (реставрация) жүргізілген.
«Қазқайтажаңарту» РМК мамандарымен мешіттің сыртқы кірпіштері мен еденнің
кірпіштері ішінара алмастырылған. Шатырдың жарамсыз бөліктері, мешіт терезелері
мен суағарлары алмастырылып, ескерткіштің қасбеті қайта боялған. 
Аңыздар мен
деректер не дейді?
Ноғай Ишан мешітін Қанай хақ, Шайһы
Ахмет мешіті деп те атайды. Құрылыстың
салынуына ұйытқы болған тұлға осы өлкеге Ноғай Ишан деген атпен танымал болған
дін иесі – шайқы Ахмет деген кісі. Қазақ даласына ислам дінін
насихаттаушы шайқы Ахмет  Меккеге барып қажы атанып, сол сапарында 
ілім-білім  алып, ишан дәрежесін иемденеді. Ол қазақ еліне татар елінен
келгендіктен ел «Ноғай ишан» деп атап кеткен. 
Ескерткіш сәулеттік
кескін-келбетінің қарапайымдылығымен ерекшелене отырып, сәулет тарихшыларының
назарына әлденеше рет ілінді. Себебі, зерттеушілер бұл ескерткішті
көшпенділердің тамыры тереңге кететін мемориалдық сәулеткерлік дәстүрінің үлгісі
деп таныды. Кесененің бірден-бір айрықша сәулеткерлік ерекшелігі – оның пішіні
ерте ортағасырлық мұнараларды еске түсіретін жоғары қарай созыңқы қалыпта
жасалған күмбездерінде. Кейінгі ортағасыр мен жаңа заманда мұндай күмбездерді
көтеру дәстүрлі сәулеткерлік қалыптың беріктігінен және осындай  құрылымдарды шикі кірпіштен тұрғызу оңай
болғандықтан орын алған деп түсіндіреді.
Ноғай Ишан мешіті – тек діни ғимарат қана емес, қазақ
даласының тарихи және мәдени келбетін айқындайтын құнды сәулет ескерткіші. ХІХ
ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының рухани өмірінен хабар
беретін бұл мешіт өзінің тарихи, архитектуралық және мәдени маңыздылығымен
ерекшеленеді. Уақыт сынынан өткен мешіт кеңестік кезеңде түрлі мақсатта
қолданылып, соңынан қайтадан өз діни мақсатына оралған Ноғай Ишан мешіті
бүгінде ұлт руханияты мен сәулет өнерінің сабақтастығын көрсететін
тарихи-мәдени мұра ретінде сақталып отыр.
Ақбикеш мұнарасы
Ақбикеш мұнарасы –
Қаратаудың батыс сілемдеріндегі Ақсүмбе кентінен оңтүстікке қарай орналасқан
биік жота басындағы тарихи ескерткіш. Ақсүмбе мұнарасы жергілікті маңызы бар
сәулет және қала құрылысы ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.
Мұнара «Ақсүмбе» деген атпен тарихшы Шараф әд-дин әл-Жүздінің «Зуфар намесінде»
(«Жеңіс кітабы») Әмір Темірдің 1389-90 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын
сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған
қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. 
Мұнара Ақсүмбе
ауылының оңтүстік-батысындағы Қаратау қойнауынан бастау алған Ақсүмбе өзені
аңғарының таудан шыға берісіндегі 200 метрдей биік жотаның үстіне тұрғызылған. Іргетасы
текше тастармен қаланып, жоғары жағы толығымен қам кесекпен өріліп шыққан. Солтүстік-шығысында
төбесіне шығатын есігі бар. Есіктен кірген адам төбесіне бұрғы басқышпен
айналып шығады.  Бірінші айналмадан өтіп
3,5-4 метрдей биіктеген соң, бір адам еркін тұратын және айналаға ешқандай
кедергісіз қарай алатын солтүстікке қараған терезе кездеседі. Терезеден  Шу өзені 
бағытындағы мидай жазық даладағы тіршілік алақандағыдай анық көрінеді. 
Терезе жанындағы
бұрғы басқышпен жоғары өрлеп, екінші айналымға көтерілгенде 6-6,5 метрдей
биіктікте оңтүстікке қараған екінші терезе кездеседі. Бұл арадан оңтүстік
беткейдегі тау аңғары мен оның қойнауы анық көрінеді. Осы арадан бастап жоғары
көтерілетін бұрғы басқыш бұзылып, жоғары көтерілуге мүмкін болмай қалған.
Екінші терезе мен мұнараның төбесіне дейінгі арақашықтық шамамен 5,5-6 метрдей.
Қар мен жаңбыр суынан, биік шоқы басындағы таудан соққан самал салдарынан
мұнараның оңтүстік-батысының тең жартысына жуығы мүжіліп құлаған. 
Мұнара арасын ірі
қиыршық тастармен толтырып жасаған іргеліктің үстіне шикі кірпіштен
тұрғызылған. Жота басында ақ керіш топырақтан құйылған қам кірпіштен
тұрғызылған мұнараны жергілікті халық «сүтке илеген, арасына ту биенің құйрығын
турап салған» дейді. Пішімі жұмыр. ХІІ ғасырда салынған деген дерек бар.
Қазіргі тұрғандағы мұнара биіктігі 12 метрдей. Жалпы іргетасының диаметрі 14
метр болса, бүгінде қалғаны – 9 метр. Мұнара басында тып-тынық күннің өзінде
жел қатты есіп тұрады. Мұнара орналасқан төбенің етегінде ескі бекініс жайдың
орындары сақталған. Ол жай созылып барып, қазіргі Ақсүмбе елдімекеніне
жалғасады.
Негізінде Ақсүмбе бір
заманда әлемге әйгілі қала болған. 1254 жылы Кіші Арменияның патшасы Гетум І (1227-1269)
моңғол қағаны Мөңкеге бара жатып Ұлы Жібек жолы бойындағы Созақ даласын басып
өтеді. Гетум І осы сапарын егжей-тегжейлі хатқа түсіріп кеткен. Осы
шежіре-дерек бойынша Ақсүмбе ол заманда Хендахор, Созақ болса Хұзақ қаласы
атанғанын зерттеушілер анықтаған.
Белгілі археолог Карл
Байпақов «Қазақстанның ежелгі қалалары» деген кітабында Ақсүмбеге 1390 жылдары
Алтын орданың ханы Тоқтамысқа қарсы жорық жасаған кезінде Ақсақ Темірдің әскері
тоқтағанын жазады. Осы жерден олар өзіне қарсы жау әскерін бақыласа керек.
Мұнараны бертінде В.Тизенгаузер, В.Бартольд, В.Воронина, Ә.Марғұлан, К.Байпақов
сынды ғалымдар зерттеп, өз еңбектерін жазған.
Бүгіндері  әбден шөгіп, мүжіліп бара жатқан мұнара
ықылым заманның көзіндей болып, қазақ даласын қас қақпай күзетіп тұрған
секілденеді. Алыстан қарағанда ата жұртты күзетіп, от басында шошайып қалған ақ
жаулықты анаға да ұқсатуға болады. Ақсүмбеліктер Ақбикеш мұнарасына махаббаттың
символы ретінде қарайды.
2019 жылы облыс
әкімдігі тарапынан жасалған жұмыстардың 
нәтижесінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапының қолдауымен
Ақбикеш мұнарасы 2019 жылы 30 мамырдағы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің
№156 бұйрығымен республикалық дәрежедегі ескерткіштер тізіміне енгізілді.
Осыған байланысты Ақбикеш мұнарасын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге
демеушілер тарапынан 2,0 млн теңгеге құны 36 586,107 теңгеге жобалық сметалық
құжаттары дайындалды. Ақбикеш мұнарасына 2020 жылы «Қазреставрация» ғылыми зерттеу
және жобалау мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалы тарапынан қалпына
келтіру жұмыстары жүргізілді. Тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі. 
Аңыздар
мен деректер не дейді?
Осы күнге дейін
жеткен әртүрлі аңыздарда мұнараны Ақбикеш арудың есімімен байланыстырады.
Бірінде Ақбикеш ертеде есімі ел құлағына шалынған ерке қыз болған екен. Қосыла
алмаған ғашығын осында жерлеп, қырық жыл қайыр тілеп, басына осы күмбез
мұнараны соқса, екіншісінде Алшын руының аяулы қызы екен дейді. Ел шетіне жау
тигенде алты ағасымен қатар аттанып, қанды жорықта ел азаттығы үшін жау
қолыннан мерт болыпты. Халық оны ардақтап, арулап төбе басына жерлейді де,
есімін мәңгі есте сақтау үшін және моласын ашып, жаулары денесін қорлай
алмастай етіп үстіне мұнараны тұрғызған екен.
Ел арасындағы
әңгімелер мен жазба деректер Ақсүмбе мұнарасында төрт терезе (солтүстік,
оңтүстік, шығыс, батыс) мен төбесінде от жағып хабар беретін тегістік жай
болған деседі.
Бұл көне мұнара
Ақбикешпен қатар, кейде Ақсүмбе деп те аталады. Ақсүмбе аталатын себебі қазақ
найзаның ұшын «сүме» дейді, алыстан ақ сағымға оранып, сүйір ұшы найзадай
шаншыла біткендіктен солай аталған болуы керек. Сондай-ақ моңғолша «сүм» деген
сөз қазақша «ғибадатхана» деген мағына береді. 
Ақбикеш мұнарасы – қазақ даласының бай тарихы мен аңызға
толы мәдениетінің бірегей куәсі. Бұл мұнара тек сәулет ескерткіші ғана емес,
сонымен қатар махаббат пен адалдықтың символы ретінде де сипатталып жатады. Аңыз
бен ақиқаттың тоғысқан тұсында тұрған Ақбикеш мұнарасы ұрпаққа өткенінен сыр
шертетін құнды мұралардың бірі болып табылады.
Жергілікті маңызы бар ескерткіштер
Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі
Баба Түкті Шашты
Әзіздің сағанасы қарт Қаратаудың Теріскей бетінде, қазіргі Жамбыл облысы мен Түркістан
облысының шекаралары шектесетін тұста, атақты «Көсегенің көк жоны» өтетін,
Үшбас өзенінің аңғары құлайтын алқапта, Құмкент жеріндегі қысы-жазы буы
бұрқырап жататын Жылыбұлақ қайнарының жағасында тұр. Сағананы Едіге батыр
тұрғызған деген сөз бар. Бұл шамамен 1400 жылдары болса керек. Едіге әр жорыққа
аттанар алдында Жылыбұлақтың суын ішіп, Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің әруағына
сыйынады екен. Ел арасындағы тағы бір ескі аңыздарда Қаратау бөктерін жайлаған
Құмар атаның жалғыз ұлы деп айтылатын бабаға Байбөрі бек алғаш рет белгі-күмбез
тұрғызған делінеді. 
Кесене бірнеше рет
салынған. Алғашқы кесенені салдырған Құттыбай мен Бостан датқалар екен. Олар
халықты ұйымдастырып, кесек құйып, шамамен 1916 жылдары сағана салдырған.
Кейіннен замандар лебінен күйреген сол сағана үстіне күйдірілген кірпіш
қаланып, төрт бұрышты қабырға үстін жаңадан еңселі күмбезбен көмкереді.
Қабірдің қасбеті әшекейсіз, қос босағасын шағын бедерлі мұнарамен өрген. Ішкі
құрылымында шаршы үйдің өзегі бойынша сүйір аркалар салынған, күмбездің салмағы
осы аркаларға түседі. Үйдің ортасында сыртына кірпіш қаланған құлпытас болған.
 Баба Түкті Шашты Әзіздің осы кесенесінің
ішінде 1929 жылға дейін төрт бейіт болған екен. 1929-1945 жылдар аралығында
әулиенің кесенесі төрт рет бұзылып, жұрт төрт рет жөнделген. Осындай
қиратушылардың себебінен бейіттердің орны жоғалып кеткен. 1982 жылы сағана
жеңіл жөндеуден өткізіліп, қалыпқа келтіріледі. 
Бертін келе осы
сағана орнына 1996 жылы оңтүстік өңіріне белгілі азамат Серікжан Сейітжанов
әсем күмбезді ғимарат тұрғызды. Ал 2006 жылы Құмкенттен шыққан кәсіпкер
Нұрсадық Ергешұлы деген азамат кесененің төбесінен су өткені себепті жергілікті
ел ақсақалдарының келісімімен оны бұзып, орнына мүлде жаңа архитектурада екі
мұнаралы, екі қабаттан тұратын күмбезді, жалпы биіктігі 16,5 метр әсем
көріністі кесене тұрғызды. Астыңғы қабат үш бөлмеден – баба жатқан бөлме,
мұражай бөлме және намазхана бөлмеден тұрады. Үстіңгі қабат бір бөлмеден
тұрады, онда бабаның құлпытасы бар. Сырты үлкен аллеядан тұрады. Сыртқы
қабырғалары толығымен мәрмәрленген. Бабаға келетін 250-300 метрдей жол
цементтелген. Кесене маңындағы көл, бұлағы мен бау-бақшасы күтімге алынып,
зиярат етушілерге арнап арнайы  демалыс
орны салынған.
Ғасырдан ғасырға
аңыздарға арқау болған Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі кейіннен жаңа үлгіде бой
көтеріп, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне дауа, жанына саулық,
көңіліне медеу тілеп ағылған жандардың тәу ететін зиярат орнына айналған.
Тарихи аңыздарға
сүйенсек, ХІV ғасырда өмір сүрген Баба Түкті Шашты Әзіз біздің елге ислам дінін
әкелген алғашқы түркілердің бірі болған. «Қазақ энциклопедиясында» Шашты
Әзіздің VІІІ ғасырда өмір сүргені айтылады. Сондай-ақ, ХVІ ғасырда өмір сүрген
Қадырғали Жалайридің шежіресінде Шашты Әзіздің жергілікті сақ тайпасынан
шыққаны, ислам дінін бірінші қабылдағандардың бірі екендігі көрсетілген. 
Аңыздар
мен деректер не дейді?
Өз заманында өте
данышпандығымен танылған Шашты Әзізді Ысқақ баб өзіне уәзір етіп алған
көрінеді. Баба Түкті Шашты Әзіздің Ысқақ бабпен замандас болғанын білдіретін ел
аузында мынадай бір аңыз сақталған. Сыр, Қаратау бойына келген Ысқақ баб
жергілікті халыққа мұсылман дінін ендіруде күш-зорлыққа бармай, оның орнына діни
уағызды күшейтіп, насихат, иландыру арқылы елді өзіне қаратуға тырысады.
Алланың құдыретін таныту үшін Құмар бабаның ұлы Шашты Әзізді пайдаланады. Шашты
Әзіздің ислам дініне кіргенін көрген халық: «Бұл діннің не артықшылығы бар?» –
деп сұрайды. Баба осы дінді қабылдаған соң өзіне Алланың нұры жауғанын айтып,
аса таяғын жерге шаншып қалғанда сол жерден су шығады. 
Бұған есі шыққан жұрт
Шашты Әзіздің екінші бір кереметін көреді. Ол алпыс түйе отынды үйдіріп, үстіне
өзі отырады да, астынан от қойғызады. От әбден жанып біткенде жиналғандар
қып-қызыл шоқ үстінде қолына Құран ұстап отырған, еш жерін күйік шалмаған әулиені
көреді. Міне, содан бастап ел ислам діні құдыретіне бар ықыластарымен бас ие
бастайды.
Баба Түкті Шашты Әзіз
қазақ фольклорында әулие кейпінде суреттеліп, бас кейіпкерлер қиналған кезде
демеуші, аян беруші әруақ тұлғасында бейнеленеді. Баба Түкті Шашты Әзіз
әулиенің кереметтері батырлар жырында  кездесіп
отырады. Мысалы, «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Шашты Әзіз кіріп, әйелінің
бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады.
Ал «Қыз Жібек» жырында Төлеген Ақ Жайыққа аттанарда анасы жалғызын жаратқанға,
онан соң осы Шашты Әзіз әулиеге тапсырады. Сонымен, Баба Түкті Шашты Әзіз әулие
халық жадында ел қорғаған батырлардың демеушісі, қиналған шақта сүйеніші,
перзент тілеп жалбарынушылардың медет қылар пірі, құдыреті күшті рух иесі
ретінде  сақталып келеді.
Баба Түкті Шашты Әзіз
– қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Әулие атаның аты бірнеше
мағынадан құралып, төрт анықтауыш сөзден тұрады. Баба «шал, ата» ұғымын берсе,
Түкті «үсті-басын түк, жүн басқан», Шашты «ұзын шаш» қойған, Әзіз «құрметті»
дегенді аңғартады.  Ол туралы аңыздардың
бірінде шын есімі Баба Туклас деп көрсетілген. Әкесі – Керемет Әзіз. Баба
Туклас Меккеде патша болған, мұсылмандар арасында әулие саналған. Меккеге
қажылық сапармен барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, одан кейін Әлем Музтазы
Сейіттің, содан соң осы Баба Түкті Шашты Әзіз қабіріне барып тәу еткен. 
Келесі бір аңыздарда
Баба Түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Яссауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық
Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы делінеді. Баб
Ата күмбезі сол кісінің қабірінің басына салынған. Академик Ә.Марғұлан осы
аңыздың тарихи негізі бар деп санайды.   
Үшінші аңыз бойынша, Баба
Тукластың баласы Еділ мен Жайыққа дейін келген, оның Құтлубек атты ұлынан Едіге
батыр туған. Баба Түкті Шашты Әзіз  Едіге
бидің түп атасы делінеді. Ал «Едіге батыр» жырында Баба Түкті Шашты Әзіз сол
батырдың тікелей әкесі ретінде суреттеледі. Халық арасындағы аңызда ол су
жағасында намаз оқып отырып, үш пері қызын көреді. Намазын бітірген соң әлгі үш
қыздың бірі қолынан ұстайды. Қыз суға сүңгиді, әулие де сүңгиді. Ақырында Баба
Түкті Шашты Әзіз соған үйленеді. Қыз үш түрлі шарт қояды: «Аяқ киімді шешкенде
аяғыма қарама, киімімді шешкенде қолтығыма қарама, шашымды жуғанда төбеме
қарама», – дейді. Алайда Баба Түкті Шашты Әзіз әлгі үш шартты бұзады. Оны
сезген пері: «Ішімде алты айлық балаң бар. Соны мен Көк дария жағасындағы
Құмкент деген жерге тастап кетемін, іздеп тауып ал», – дейді де, аспанға ұшып
кетеді. Баба Түкті Шашты Әзіз уәделі жерден құндақтаулы нәрестені тауып алады.
Айдала туғандықтан есімін Едіге қояды. Қазақ шежірелерінің кейбір нұсқаларында
ол Маңғыт руынан деп айтылады. Едігенің осы рудан шыққандығы негіз етіледі. 
Баба Түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген
бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған.
Әжі (Әже) ата кесенесі
Әжі ата кесенесі – Созақ
ауданындағы архитектуралық ескерткіш. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда ескі
Созақ қаласының Мал қора қақпа, Құтырған қақпа сынды бірнеше қақпасы болған
екен. Әжі Сапа әулие ескі қаланың Мал қора қақпасы жағына жерленген. Қазаншы
ата әулиенің оңтүстік-шығысында жатыр, арасы бір шақырымдай. Басына тұрғызылған
сағананың үлгісі де Қазаншы ата әулиенің сағанасына ұқсас. Кейінгі жылдары
сағананы қайта жөндеуден өткізіп, астына іргетас құйды. 
Сағана сегіз қырлы болып келеді. Шикі
кірпіштен қаланып, сыртына сылақ жүргізілген. Есігі оңтүстік-батысқа қараған. Осы
сегіз қырлы болып келетін астыңғы бөлігінің биіктігі іргетасымен қоса
есептегенде – 1,70х1,80 м. Үстіңгі бөлігі дулыға үлгісінде салынып, төбесі
сүйірленген. Үстіңгі бөлігіндегі қаланған кесек арасына әрбір 80-85 см сайын
ағаш қойылған. Төбесіне ай белгісі бар. Сырты әктеліп, іргетасы қаланған
астыңғы төбешікті – 1,5 метр биіктіктегі бетонмен қоршап, оны да әктеп қойған.
Кесененің оңтүстік-батысы кіші өзенге ұласып, одан ары атақты Созақтөбемен  жалғасып жатыр. 
Әулиенің азан шақырып қойған аты – Сапа. Қажылыққа барып келген соң Әжі
Сапа аталып кетеді. Ілгеріректе моласынан от шығып тұрады екен. Өзі жаяудың
жүйрігі болған көрінеді. Тіпті, қажылыққа жаяу барған деген аңыз да бар. Әжі
Сапа жолаушыға ақ сапар беруші, түрлі сырқаттардың шипагері саналады.
Қазаншы кесенесі
Қазаншы әулиенің азан
шақырып қойған аты – Әбдел Әзиз (Абдуләзиз) Қашқарий. Кесенесі Созақ ауылының
орталығындағы қорымда. Жергілікті халық қорымды әулиенің атымен «Қазаншы ата
әулие қорымы» деп атайды.
Әулиенің басына кам кесектен кесене белгі салынған. Кесененің жалпы мөлшері –
6х6, биіктігі – 8-9 метр. Астыңғы бөлігіндегі 6х6 метрлік қабырғасы төрт
бұрышты болып келеді де, 2 метр биіктіктен соң төбесі шошайма (сәукеле)
формасында қаланып шыққан. Төбесіне қаланған кесек арасына ағаштар қойылған,
ағаштың астыңғы жағында 65-70 см-ден соң тесіктер қалдырған. 
Кесене есігі
оңтүстік-батысқа қараған. Астыңғы қабырғасының қалыңдығы – 80-90 см. Төбесінің
қалыңдығы – 35-40 см. Басына қойылған белгі тасқа «Абдуләзиз Қашқарий әулие ХІV
ғасыр» деп жазылған. Кесененің оңтүстік-батысында үлкен бірнеше түп қара тал
бар.
Аңыздар
мен деректер не дейді?
Әулие атына
байланысты әңгімелерге қарағанда тарихтан әйгілі Қожа Ахмет Яссауидің
кесенесіндегі Тайқазанды құйған тәбіріздік шебер Әбдел Әзиз (1399 жылы құйып
бітірген) осы кісі көрінеді. 
Тарихқа шегініс жасалық.  Көреген Әмір Темірдің
жарлығымен 1399 жылы  Қ.А.Яссауи кесенесі үшін тайқазан құю жоспарланады.
Маусым айында Түркістан қаласының батысында 27 шақырым қашықтықта орналасқан
Қарнақ елдімекенінде (қазіргі Атабай ауылы) тайқазанды құю жұмысы басталады.
Бұл жұмысты ирандық шебер Әбдел Әзиз ибн Шарафуддин қолға алған еді. Әбдел
Әзиз қазанды мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір қоспаларынан
құйды. Қазанның салмағы 2 тонна еді. Биіктігі – 1,60 метр, диаметрі  2,42
метр болды. Қазанға үш мың литр су сияды. 
Тайқазанның сыртқы бөлігінің өрнектелуі бес бөліктен
тұрады. Бірінші жоғары бөлігінде қазанды айнала арабтың гүл өрнекті сулус және
куфи үлгісімен Құран Кәрімнің аяттарынан үзінді жазылып, ол Пайғамбарымыздың
(с.ғ.с.) хадистерімен жалғасады. Бұдан кейін қазанның кімге арнап жасалғаны,
аяқталған жылы жазылған. «Бұл су құятын ыдысты ислам Шайхысы, әлемдегі
шайхтардың Сұлтаны, Шайх Ахмет Яссауидің (Алла ол кісінің әзіз рухын киелі
қылсын) мазары үшін жасауға ұлық әмірші, көп елдің тізгінін қолына ұстаған,
Рахымды Патшаның (Құдайдың) айрықша қамқорлығын иеленуімен ерекшеленген Әмір
Темір көреген бұйрық берді. Алла Тағала оның биігін мәңгілік етсін!
(Жиырмасыншы шаууал, сегіз жүз бірінші жыл. 25 маусым 1399 жыл)» деген жазу
бар.  
Зерттеушілер шеберлердің қыс маусымында ешкінің
тоңмайынан қазанның төрттен бір бөлігін жасап, оған ою-өрнектермен жазулар
түсіргенін жазады. Май қатқан соң сыртынан тез қататын сұйық ерітіндісімен
сылап шыққан. Кепкен соң оны қыздыру үшін от жаққан. Тоң май еріп кеткен соң,
металл қорытпасы құйылған. Мұның бәрі де нақты дәлме-дәл есеп бойынша
жүргізілген. Төрт бөлікті бір-бірімен бекіту, жазулар мен өрнектерді дәлме-дәл
байланыстыру үлкен шеберлікті қажет етеді. Шебер екінші қатарға «Құдайдың
қамқорлығына үміт артқан Әбдел Әзиз ибн  Шарафуддин» деп өз есімін
қалдырыпты.
Қазан сыртындағы жазулардың бірінші қатарында Құранның
«Тәубе» сүресінің он тоғызыншы аятынан және хадистерден үзінділер де жазылған.
Аяттың қазақшасы – «Аса мәртебелі, құт-берекенің иесі Алла айтты: «Сендер
қажыларға су беру, Месжід Харамды жөндеуді (Аллаға, ахирет күніне иман келтіріп
және Алла жолында күрескен кісі сияқты) көресіңдер ме?». Хадис: «Пайғамбар (ол
кісіге  Алланың сәлемі болсын) айтты: «Кімде-кім Алла Тағала үшін су
құятын ыдыс жасаса, Алла Тағала жұмақта оған арнап хауыз дайындайды» деген мағынада. 
Осы қасиетті сөздерден ең әуелі тазалықты, адалдықты меңзеп тұрғанын аңғаруға
болады. Адам баласы бірін-бірі алаламай, өзара ынтымақта болуы керектігін
ескертеді. Су – тазалықтың, мөлдірліктің белгісі. Ендеше алып қазан арқылы
«үнемі тазалықта болыңдар» дегенді меңзеп тұр.
Белгілі ғалым Ақжан Машанидің тұжырым жасауынша, Қожа
Ахмет Яссауи кесенесі – жеті қат көкті, 12 мүшел мен жыл мезгілін
бейнелейтін ғарыш моделі сынды құрылыс. (Бір таңқаларлығы, Ұлытаудағы Алаша
хан, Жошы хан кесенелері, Бабатадағы Ысқақ баб кесенесі, Құмкенттегі Баба Түкті
Шашты Әзіз кесенесі бір-бірінің көшірмесі іспетті). Тайқазан – соның шағын
көшірмесі іспеттес астрономиялық мәні бар туынды. Міне, осының барлығына мән
бергенде Әбдел Әзиздің кезінде Қ.А.Яссауи ілімінен сусындағанын, бірнеше ғылым
саласынан  (химия, астрономия, математика, физика) хабары бар екенін
аңғара аласыз. Жеті түрлі металды біріктіріп қазан құю, ислам діні мен
тарихынан жан-жақты хабардар болу кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтіні
анық. Ол  Жердің, Күннің және басқа да планеталардың өз осімен айналатынын
жақсы білген. Өйткені, оның туындысы осыны айғақтайды. Демек, Әбдел Әзиз ибн
Шарафуддин бабамыз тегін кісі болмаса керек. 
Алып Тайқазанды құйған тәбіріздік шебер Әбдел
Әзиздің өнеріне риза болған Қожа Ахмет Яссауи әруағы шеберге елес беріп:
«Көзіңді жұм, бірақ менің рұқсатымсыз ашпайсың. Дарынды өнерің үшін Меккеге
апарып зиярат еткізіп қайтпақшымын», – депті. Бірақ кетіп бара жатып әлгі кісі
шыдай алмай көзін ашып қойыпты, сөйтсе көк теңіздің үстінде ұшып келеді екен.
Осы сапардан зиярат етіп оралған Ахмет Яссауи шеберге уәде айтып: «Саған енді
топырақ менің қасымнан бұйырмайды. Сен Созақтағы Қарабура әулие жанында қалатын
болдың», – деп аян беріпті. 
Міне, Созақта Қарабура кесенесінің іргесінде
бейіті жатқан Қазаншы әулие сол кісі екен дейді. Дін уағыздаушы адамдарға
қамқоршы болған деседі. Ал, жазба деректерде XVIII ғасырдың соңы, XIX ғасырдың
басында өмір сүрген деп айтылады.
Осы уақытқа дейін темір, ағаш шеберлері Қазаншы атаға
түнеп, тәу етіп келеді. Созақ шеберлері әлі күнге дейін атамұраны жалғастырып,
баба рухына сыйынады. Әулие ата «Басыңнан бақ кетпесін, қазаның оттан түспесін»
деп бата береді екен. Ол Алла жолындағы жан-дүниесі таза жандарға аян береді.
Тазалықтың, еңбекшілдіктің киелі иесі.
Қарабура әулие кесенесі
Қарабура әулие
кесенесі Созақ ауданының Созақ ауылында орналасқан. 1997 жылы салынған кесене
ақ кірпіштен өрілген, әрқайсысы сегіз қырлы екі бөлмеден тұрады. Төбесі
күмбезді бірінші бөлме 100 шаршы метр, төбесі ашық екінші бөлмедегі ескі кесене
ХІV ғасырда салынған. Қарабура әулиенің зираты ескі кесенеде. Ескі кесене шой
тастан құралған, іргетас үстіне қам қыш қаланып, қабырғалары саз балшықпен
сыланған. Пішімі текше көлемді құрылыстың төбесі күмбезге айналған. Күмбездің
жоғарғы жағында жарық кіретін 4 саңлау орнатылған. Алдыңғы беті тегіс, жылтыр.
Солтүстік жағындағы кіре берістегі екі қабырғасына төртбұрышты терең екі қуыс
орнатылған. Төрт бұрышты бөлме ішіндегі белдеулеріндегі дуалға сүйір қуыс
жасалған. Күмбез шатырлық әдіспен өрілген. Ортасына қам қыштан құлпытас
орнатылған.
Ескі кесененің оң
жағында Құрбан ата сүйегі жерленген, басында белгі тасы бар. Оның жанында
Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.), Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясcауи, Ысқақ баб, Баба
Түкті Шашты Әзіз бабалардың зираттары басынан әкелінген топырақтар қойылған
қара мәрмәр тас белгілері бар.
Кесененің биіктігі –
17 метр. Есігі күн батысқа Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қаратылған. Биік
күмбезі қышпен өрілген. Кесененің сыртында әлемдегі ислам діні
әулие-ғұламаларына құрмет, тағзым деген тақырыпта орналастырылған пантеон бар.
Кесене іргесінде өз өсиеттері бойынша Ақназар хан, Қоңырат Құрбан Ата, Тама
Құлтас би, Тарақты Шілмембет би, Тама-Дәулет Қарабура батыр, күйші Сүгір Әліұлы
сияқты әйгілі адамдар жерленген. Сол жағында Қарабура әулиенің түйесі шөккен
жерге түйе мүсінінің ескерткіш белгісі қойылған. Кесененің жалпы аумағы – 240 шаршы
метр. Қарабура сағанасының ерекшелігі – оның сағанасына жапсарласа өскен
қараталмен айрықшаланады. Бұл талдың қай заманнан бері өсіп тұрғанын ешкім
білмейді.
Созақтағы мешіттердің
арасында көлемі жағынан да, қасиеттілігі жағынан да ең көрнектілерінің бірі
Қарабура әулиенің мешіті болған.  Мешітте
мың адам қатар тұрып намаз оқыған екен. Кеңестік дәуірде, әсіресе, 30-жылдары
мешіттер мен медреселер бұзылып талқандалды. Қарабура мешітін де 1936 жылы
кеңестік белсенділер бұзып, ағашын түрлі құрылыс ісіне пайдаланады.
Халық махаббатының
белгісіндей болып қазір Қарабура басында салтанатты кесене бой көтерген. Оны
ұлтжанды азамат, белгілі кәсіпкер Құрал Ержанов өз қаражатына тұрғызған
болатын. 1997 жылы Қарабура әулиенің жаңа кесенесінің бітуіне байланысты
әруақтарға ас беріліп, «Қожа Ахмет Яссауи және Қарабура әлемі» тақырыбына
ғылыми конференция өткізілді. Асқа қатысушылар жыл сайын маусым айының 13-14
күндерін Қарабура әулие күндері деп жариялап, осы күндері үлкен жиын өткізіп,
ас беруді дәстүрге айналдырып келеді. Қарабура кесенесі қазіргі күні халқымызды
имандылық пен адамгершілікке тәрбиелеу орталығына айналған.
Аңыздар
мен деректер не дейді?
Қарабура – шамамен
XI-XII ғасырларда Шу, Талас, Сырдария, Еділ, Жайық өзенінің бойында өмір
сүрген, оғыз-қыпшақ заманындағы діни қайраткер, әулие. Қарабура әулие сахара
тұрғындарының арасында қалыптасқан өмір салтының шырқын бұзбай, ислам дінін,
оның наным-сенімдерін орнықтыруға атсалысқан. 
 Қазақ даласында Қарахан мемлекетінің орнығуына
күш салып, ислам дінінің таралуына көп ықпал еткен Қарабура туралы
аңыз-әңгімелер ел ішінде жиі айтылып жүр. Исі Түркі халқына ортақ баба туралы
көптеген еңбектер жазылды. Күллі түркі әлемінде Қожа Ахмет Яссауи өмірімен
байланысты жайларды әңгіме еткенде Қарабура әулиенің есімі еріксіз еске түседі.
Өйткені ол кісі – халқымыздың бүтін бір тайпа елінің жауынгерлік ұранына
айналған қолбасшы батыр, Әзіреті Сұлтан бабаны ақ жуып арулаған, жаназасын
шығарып, жамбасын жерге тигізген ерекше қасиетті діндар адам. Қожа Ахмет Яссауи
дүние салғанда өзінің өсиеті бойынша мәйітін арулап жер қойнауына табыс ету
рәсімін Қарабураға жүктеген. Демек, Қожа Ахмет Яссауи мен Қарабура ақыреттік
дос, ислам діні жөнінде мүдделес болған.
Қарабура әулие ұзын
бойлы, қара қасты, өткір жанарлы, қауға сақалды кісі болған екен. Бір
деректерде «Қарабураның арғы атасы – Ер Көгіс болса, кіндік әкесі – Тама»
делінеді.
Аңыз деректеріне
қарағанда Қарабура «Түйем шөккен жерде дүниеден өтіп, жерленемін» деген екен.
Түйесі Созақ даласына келген уақытта шөгіп, осы жерге Қарабура қолындағы асасын
қадап, дүниеден озыпты деседі. Ол аса таяғы кейін көгеріп, үлкен ағашқа айналады.
Дауласқан екі жақ шындыққа жету үшін осы шыбықты кеседі екен. Өйткені Қарабура
әулие ағашының шыбығын кескенде адал болса сүт, қиянатшыл болса қан тамып,
өтірік айтып ант ішкен адам кеміс болып, тіптен өліп те кетеді деседі.
Сондықтан көпшілік ағашқа тиіспеген.
Тірі кезінде-ақ өзінің әділдігімен, көріпкелдігімен,
болжағыштығымен, ғажайып іс-әрекеттерімен қалың елді таңқалдырған, ұйыта білген
Қарабураны халық әулие деп атап кеткен. Оның рухының күштілігі сондай, дүниеден
өткеніне мың жылдай уақыт өтсе де, тек Созақ өңірінің тұрғындары ғана емес, исі
қазақ халқы әулие санап, тағзым етеді.
Құлақ ата кесенесі    
Кесене Созақ ауданындағы Созақ ауылында орналасқан. Басына қойылған белгісі мен қабірі ескі Созақ қорғанының шығыс бөлігіне
қарап тұр. Сағанасы бұрынғы үлгісін сақтай отырып, қайта салынған. Қабырғасының
биіктігі – 2,80х3,0 метр болса, шошақ төбесінің биіктігі 4,0 метрге жуықтайды.
Сағананың іргетасын қатпар таспен 0,60х0,70 метр биіктетіп барып, оның үстін
кесекпен өріп шыққан. Өрілген кесек мөлшері – 0,34х0,17х0,08 метр. Жалпы
іргетасы – 4х4 метр. Есігі өте кішкентай, адамдар ішіне таспен қаланған бөлікке
дейін орналасқан 0,75х0,60 метрлік есік арқылы еңкейіп кіреді. Ал ірі денелі кісілер кіре алмайды. 
Іші бір бөлмелі, онда жалғыз
адамның бейіті бар. Үсті ақ бөзбен жабылып, басына арқардың мүйізі қойылған.
Оны жергілікті халық «Құлақ ата әулиенің бейіті» деп атайды. 
Әулиенің қасиеті – түрлі
ауруларға шипа дарытушы. Әсіресе, жас балалардың құлағы ауырғанда, құлағынан
шұлық аққанда немесе қатты шаншып ауырғанда әулиеге барып жалбарынып, зиярат
етсе, сап тыйылады екен. Сондықтан ел бұл кісінің азан шақырып қойған атын ұмытып,
«Құлақ ата әулие» деп атап кеткен. Басына барып зиярат етушілер көп.
Барушылардың тілегі көбіне орындалып, барғандарына қанағаттанып қайтады.
Сондықтан да ел арасында Құлақ ата сағанасы тұрған жер киелі саналып, онда тәу
етіп отырады. Жалпы, Құлақ ата кесенесін Созақтағы мемориалдық ескерткіштердің ең
байырғысы деп те айтуға болады. 
Ескерткіш Көккүмбез деген
атаумен де белгілі және ол XVI–XIX ғғ. аралығына жатқызылады. Өкінішке орай,
бұл кесенеге кімнің жерленгені жөнінде ешқандай аңыз-әңгіме сақталмаған.
Жуантөбе кесенелері
Кесене. ХІХ ғасырдың соңында салынған.
Жуантөбе ауылына жақын орналасқан. Кесененің бір қабырғасы ғана қалған. Қалған
бөлігі жойылған. Құлаған кесененің сырт жағынан ақ кірпішпен қоршап, көктас
қойылған. Көктасқа «Кесене 1880-2010. Тілеукенұлы Бекмұрат баба (найман)
Бекмұратұлы Құлжұмыр баба» деп жазылыпты. 
Сағана. ХІХ ғасырдың соңында
тұрғызылған. Құмды далада қырда орналасқан. Сағана қам кірпіштен қаланған.
Күмбезсіз, төбесі ашық. Жартысынан көбі құлаған. Дегенмен қам кірпіштен
тұрғызылғандығына қарамастан осыншама уақыт табиғаттың тезіне төтеп беріп,
жойылып кетуден аман қалған. Бұл жерде де Найман руынан шыққан Жымиқы ата деген
кісі жерленген.
Байғара кесенесі. ХVIII ғасырдың
соңында көтерілген. Иен далада орналасқан. Алыстан көзге шалынады. Айналасында
басқа да адамдар жерленгені байқалады. Құрылысы ерекше. Кесененің бір бұрышы
ғана қалған. Қабырғасының қалыңдығы 118 см. Күйген кірпіштер 13х26, 16х36,
25х30 см көлемінде жасалған. Қабырғаның екі шеті күйген кірпіштен, ал ортасы
қам кірпіштен өрілген. Көктаста «Найман – Бағаналы Шағыр Өтепұлы Байғара қажы.
2007 жыл» деп жазылған. 
Аңыздар мен деректер не дейді?   
Байғара деген кісі ауқатты, білімді, оқыған, сол замандағы көзі ашық
адамдардың бірі болған. Кезінде кірпіш зауытын ашып, өзіне сол маңнан он төрт
бөлмелі үй салдырыпты. Үйдің алдында ұзындығы жиырма метрлік сарайды күйген
кірпіштен тұрғызыпты. Үйдің артқы жағында құм, лай, қамыстан өрілген атшаптырым
жерге мал қора салдырыпты. Дуалдың биіктігінің өзі 2,5-3 метрдей болған екен.
Осы қора 1946 жылы Жуантөбе совхозы құрылғаннан кейін де 1958 жылдарға дейін
қой жүнін қырқатын орын болыпты. Совхоз құрылған кезде үйді бұзып, күйген
кірпіштерін әртүрлі құрылыс жұмыстарына жұмсап жіберген. 
Жүсіпбек кесенесі. ХІХ ғасырдың
соңында тұрғызылған. Кесене табиғат әсерінен құлаған. Тек қана бір бұрышы
жарым-жартылай сақталған. Қалған бөлігі құлап, үйіндіге айналған. Қабырғасының
қалыңдығы 100 см. Күйген кірпіштерінің көлемі 12х24 см. 
Қабырғаның сыртқы жағы күйген кірпіштен, ал ішкі жағы қам кірпіштен
өрілген. Кесененің алдына көлемі 40х50 см көктас қойылған. Көктасқа «Әубәкірұлы
Жүсіпбек Кенесары немересі 1855-1909 жылдар» деп жазылған. 
Жуантөбе кесенелеріне 2014 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы
әкімдігінің Тарихи мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі
орталығы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, қорғау тақталарын орнатты.  
Рүстембек кесенесі
Рүстембек кесенесі – Түркістан облысындағы жергілікті маңызы бар тарих және
мәдениет ескерткіштерінің қатарына кіретін сәулет өнерінің үлгісі. Бұл кесене
Созақ ауданының Тасты ауылынан 2 шақырым солтүстік-батыста, биік төбе үстінде
орналасқан.
Кесене төртбұрышты пішінде шикі кірпіштен (өлшемі 30х11х8 см) тұрғызылған. Биік төбеде салынған. Құрылыс бір камералы және оның ішкі қабырғалары сегізбұрышты етіп өрілген. Өзіндік
ерекшелігі – кесенеде портал жоқ. Сондай-ақ алдыңғы беті өзге кесенелерде сирек
кездесетін, арканың төменгі жағын елестететін бедермен әсемделген. Бұл элемент
кесенеге ерекше көркемдік сипат береді.
Рүстембек кесенесі тек архитектуралық құрылыс қана емес, сонымен қатар өңір
тарихы мен діни-рухани мәдениеттің де маңызды куәсі болып табылады. 
Мардан ата кесенесі
Мардан ата кесенесі – Түркістан облысы, Созақ ауданы
аумағындағы тарихи және рухани маңызы зор киелі орын. Сызған ауылынан шамамен 5
шақырым солтүстік-батыста, биік төбеде орналасқан. Бұл дерек Қазақстан
Республикасының заңнамалық база сайтында тарихи және мәдени ескерткіш ретінде
тіркелген.
Кесене XIX ғасырдың соңында салынған. Архитектуралық
жағынан ұлттық сәулет өнерінің үлгісіне жатады. Маңыздылығы – рухани
құндылығында. Жергілікті тұрғындар мен зиярат етушілер арасында бұл орыннан
шипа, тыныштық, рухани күш алуға болады деген сенім бар.
Созақ ауданы бойынша жергілікті маңызы бар ескерткіштер
тізіміне ұсынылатын ескерткіштер
Созақ қалашығы 
Созақ ауданының орталығы Шолаққорғаннан 70 шақырым жерде
Қаратаудың  солтүстік беткейінде
орналасқан. Созақ – Қазақ хандығының ең бірінші астанасы  болған қала. 1465-1469 жылдар аралығында
Керей мен Жәнібектің ордалары осы қалада тігілген. Екі мың жылдық тарихы бар
бұл қала археологиялық зерттеулер қаланың 
тарихы тереңде жатқанын көрсетеді. 
Бұл жерде  орта
ғасырға жататын екі қаланың орны бар. Алғашқысы – Тарсатөбе, екіншісі – ауылдың
ортаңғы жағындағы жергілікті халық Өргешігі 
деп атайтын бұрынғы Созақтың орны. Ауылда бір емес, екі қаланың  ізі жатқанын тұңғыш айтқан ғалым – Әлкей
Марғұлан. Оның жұмыстарының нәтижесі алғашқы қаланы VІІ-ХІІ ғасырларға
жатқызады. Ал Созақта ХІІІ-ХVІІІ ғасырлардың аралығында тіршілік болған дейді.
Қаланың барынша гүлденуі ХV-ХVІІ ғасырлардағы Қазақ хандықтарының өркендеу
кезеңіне сәйкес келеді. 
Археологиялық экспедиция жасаған зерттеу
жұмыстарының  нәтижесі қалашықтың осы
күнге дейін сақталып қалған бөлшегі цитадель және шаһристаннан тұратындығын
анықтады. Айналасы қоршалып салынған қабырғалардан қалған іздер ол орынның
қақпа болғанын көрсетеді. Әбілмәмбет ханның тұсында Созақ, Отырар, Түркістан,
Өгізтаумен бірге қазақ хандығының басты орталық қалаларының бірі болғандығы
орыс деректерінде айтылады. Созақ қаласының аты жазба деректерде алғаш рет ХІІІ
ғасырдың ортасында армян патшасы Гетумның моңғолдың ұлы ханы Мөңкеге кездесу
үшін жасаған сапарымен байланысты аталады.
Бибі Мәриям кесенесі
Шолаққорғандағы Өр қақпаның батыс бөлігінде тұр.
Басына тұрғызылған ескі кесенесі құлап, орнына жаңадан кесене тұрғызған.
Тұрғызылған кесененің есігі оңтүстік-шығысқа қараған. Жергілікті халық
тұрғызған кесененің ұзындығы 6 метр, ені 5 метр, биіктігі 4,5-5 метр шамасында
селикат қышпен өрілген. Төбесі күмбезделген. Кесене айналасына өрік ағаштары
отырғызылған, ол кесенені қоршай орап, сырт көзге толық көрсетпейді. Кесененің
ішінде бір адамның денесі бар, оның үстіне ақ бөз жауып, айналасында адам
жүретіндей орын қалдырған. Есігінің алдына ағаш орындық қойылған. Зиянат
етушілер ашық тұрған есік алдында отырып Құран бағыштайды, ішіне кіріп тәу
етеді, тілек тілейді.
Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда, кешегі кеңестік саясат тұсында
жергілікті жерлердегі кесенелерді қирату шарасы қолға алынады. Сондай нұсқау
Бибі Мәриям басына тұрғызылған кесенеге де беріледі. Кесене маңына жиылған
халықтан батылы барып ешкім бұзуға шыға қоймапты. Сонда бір қария «Мұнда тұрған
не бар?» деп кесене қабырғасына балта шабады. Балта шапқан кісі сол сәтте-ақ
тіл тартпай кетіп, бұзуға бұйрық берген ел белсендісі көп ұзамай жынданып
кетіпті деседі.
Тарихи деректе Ысқақ бабтың екі қызы болған: үлкені – Бибі Гауһар ана,
кішісі – осы Бибі Мариям. Теріскей өңіріндегі құдіреті күшті, ең жасы үлкен
әулие әйел Гауһар ана сіңлісі бибі Мәриямның түсіне еніп: «Пәктік пен тазалық,
әділдік пен ақиқатты сақтаушы пір ретінде елге таныласың», – деп аян беріп,
жарылқаған екен. Сол айтқандай, Бибі Мәриям ана туралы аңыз-әпсаналар мазмұны
оны пәктік пен тазалықты, әділдік пен ақиқатты сақтаушы ретінде елге танытады. Әулиенің
қасиеті – адалдықтың иесі, пәктік пен тазалық, әділдіктің пірі ретінде адамзат
баласына тек жақсылық пен адалдық сыйлайды. Соның қорғаушысы болып табылады.
Бибі Мәриям кесенесінің оңтүстік-шығысында бұлақ бар. Оны «Бибі Мәриям
бұлағы» дейді. Емдік қасиеті бар. Зиярат етуге келушілер көз ауруына,
қышығанда, жасаурап, талып ауырғанда бұлақ суымен жуып, ем ретінде пайдаланады.
Бұдан басқа бұл төңіректе Бибі Хадиша, Қошқарата, Әбдікәрім ата, Бибі Гауһар
ана, Смайыл ата, Шашты ата, Әбдіжәлел баб сияқты әулиелер бар. Олар – VIII
ғасырда өмір сүрген дін таратушылар. 
Таңбалы тастар
Республика ғылым академиясы 1936-39 және 1946-56 жылдары
ұйымдастырған археологиялық зерттеу экспедициясының үлкен бір тобының Қаратау
өңірінде жиі болуы мұнда ғасырлардан сыр шертетін жәдігерлердің молдығынан
болса керек. Тарих сериясы бойынша шыққан хабаршы журналдың 1948 жылғы
сандарындағы «Қаратау жотасының теріскейін археологиялық зерттеу» (орысша)
еңбектері, сондай-ақ Ә.Марғұлан бастаған зерттеу экспедицияларының материалдары
бұрын мәлім емес жаңа деректерге назар аудартады. Соның бірі – жартастағы суреттер,
жазулар мен өрнектер. 
Қойбағар, Арпаөзен, Үсіктас, Торлан туындысы жартастарынан
табылған бірнеше мың сурет, Сақ тайпаларының туындысы жыл санауымыздан бұрынғы
кезеңдерде нүктелік әдіспен салыныпты. Бұл суреттер тек аңшылықтан, үй
тұрмысының көріністерінен сыр шертіп қана қоймай, сол кездердегі аң, оларды
аулайтын құралдардан, өсімдік түрлерінен хабардар етеді.
Тас жазулардың бұрын-соңды еш жерде кездеспеген түрі
Қаратаудың ең биік шыңы Бессаздың, Мыңжылқы шоқысының үстіне орнатылған
биіктігі кісі бойы келетін тас бағана – діңгектің төрт қырына толтырылған.
Жартастағы суреттер Қаратаудың барлық жерінен: жотаның оңтүстік беткейінде,
солтүстігінде де, орталық бөлігінде және тау бөктерінде де кездеседі. 
Қошқарата петроглифтері Созақ ауданы Созақ селосынан
оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Қошқарата петроглифтері
алғаш қарағанда онша әсерлі емес: олар шоқылардың беткейлеріндегі майда
қойтастарға салынған. Төбесі жалпақ шоқылар Қаратау жотасының солтүстік-шығысқа
ағып түсетін өзендер бойымен созылып жатыр. Суреттер шатқалдың аузында, өзеннің
оң жағасынан бастап кездеседі. 
Тастар жұмырланған, гранат сланецтерінен түзілген. Кейбір
қойтастар майда, көлемдері 1-2 метр. Тастың сурет салуға жарамды бетінің аумағы
үлкен емес, көптеген жағдайда 80 см шамасында. Тастардың бір бөлігін жарықшақ
басқан. Тегіс бет таңбадағы ежелгі шеберлер қиындыққа ұрынғандықтан суреттің
бір бөлігі қойтастың бір бетіне қашалса, екінші бөлігі тастың екінші бетіне
қашалатын. Бірақ ірі тастардың бетерінде сирек сюжеттер: күйме арба мінген
арбакештер, түйе жегілген арбалар мен күйме арбалар, бастары диск пішінді
солярлы кейіпкерлер, тастың бетіне салынған суреттерді айналдыра салынған
жыландар табылды. Суреттердің бір бөлігі оңтүстікке қарай созылып жатқан
шоқыларда орналасқан.  
Кейбір суреттер Қаратауда алғашқы рет кездесіп
отырғандықтан ерекше қызығушылық тудырады: қойтастардың бірінде күйме арба және
көзілдірік тәрізді таңба қашалған. Бір қызығы – шеңберлердің бірі күйме доңғалағы
ретінде бейнеленген. Таңба мен доңғалақтың қосарланып кездесуі күйме арбалардың
бейнелерін күн арбасы культімен байланыстыруға тағы да бір мүмкіндік береді. 
Таңба күйме арбадан жоғары орналасқан. Бұл таңбаның мәні
мен мағынасы жайлы түрлі жорамалдар айтылады. Өлкетанушылар оны аң ұстайтын
тұзақ десе, археологтар күн рәміздерімен байланыстырады. Е.Г.Дэвлет бұларды Күн
мен Айдың  бейнелері деп есептейді
(Дэвлет, 1992).
Таңба екі сақинадан тұрады. Келтіріліп отырған сюжетте
көзілдірік тәрізді таңба да екі сақинадан тұратындығы көрініп тұр және де оның
біреуі күйме доңғалағы ретінде бейнеленген. Доңғалақтың күн культімен байланысы
бұл сюжеттен де байқалады. Әдебиет пен мифологиядан доңғалақтың күн нышаны
екенін білеміз. 
Көне заманнан жеткен, әлі зерттеуді қажет ететін
жәдігерліктің бір тобы – балбал тастар. Теріскей өңіріндегі балбал тастарда
үстіндегі киімі, қару-жарағы, бұрым қылып өрген шашы, қолына ұстаған көзесі бар
кісі  мүсіндері нәзік өрнектермен
әсемделе оймышталған. Дегерездің батысындағы Үсіктастың Қамбар сайындағы сәнді,
салтанатты кейіпте бейнеленген ер мен әйел адамдардың тас мүсіндері таңданыс
туғызады. Жартастарға, ірілі-ұсақты қой тастар бетіне қашалған бұл туындылар
кез келген адамның назарын өзіне бірден аудартады.  Бұл тастар тек бір жерде ғана емес,
Қарабұлақ, Көкбұлақ аталатын қайнардың етегіндегі көне қаланың орнында,
Қарлығаш әулиенің маңында да кездеседі.
2008 жылы «Мәдени мұра» арнайы экспедициясы келіп таңбалы
тастардың мемлекеттік бақылауға алынғанын, ЮНЕСКО тізіміне енгенін мәлімдеген.
Осы ескерткіштер жөнінде ғылым докторлары К.Сыздықов, С.Жолдасов  та бірқатар очерктер жазды.
Арпаөзен петроглифтері
Арпаөзен таңбалы тастары немесе Арпаөзен петроглифтері –
қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер, жартасқа таңбаланған суреттер.
Созақ ауданының Абай қыстағының оңтүстік-батысында 7 шақырым жерде,
Қаратаудың Келіншектау деген жотасында орналасқан.
Қазақстан ғылым академиясының археологогия экспедициясы
зерттеген. Суреттердің жалпы саны 3,5 мың. Негізгі сюжеттері аңшылыққа,
жаугершілік тақырыпқа және жан-жануарлар тіршілігіне арналған. Қос аяқты ат,
өгіз және түйе жеккен соғыс және шаруашылық арбалары кездеседі. Жартасқа
салынған қос атты жауынгерлік арбалар белгілі бір этникалық топтардың, дәлірек
айтқанда, үндіарийлықтардың мифтік және діни әдет-ғұрыптарының біршама әсер
еткендігін және миграциялық қозғалыстың бағыттары осы аумақ арқылы өткендігін дәлелдейді.
Сақ заманының петроглифтерінде жабайы аңдардың,
жануарлардың бір-бірімен айқасқан қимылдары арқылы заманның шым-шытырық
оқиғаларын зооморфтық ерекше кодтар арқылы көрсеткен. Жартастағы суреттерде жыл
мезгілдерінің ауысуы сияқты табиғи құбылыстар айқын аңғарылады. Мұндай
көріністер металдан, ағаштан, теріден жасалған күнделікті тұрмысқа қажетті
заттарға да салынған. Ескерткіш біздің заманыздан бұрын 1-2 мыңжылдыққа жатады.
Балықшы әулие
Созақ ауылдық округіне қарасты Суындық деген жеріндегі
киелі әулиелі орын. Мұнда Балықшы әулиенің мүрдесі жатыр. 
Ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы кезінде 1959
жылы, 1960-1961 жылдары Оңтүстік өлкесіне үш рет сапар шегіп, сол сапарында
Созақ сахарасын армансыз аралаған. Сонда Мұхтар Әуезов Сауындық асуындағы талы,
бұлағы, бейіті бар Балықшы әулиенің басына түнеп, өзі білетін аталарынан
естіген тарихын айтып, қасындағы басшы-қосшыларына жөндеусіз жатқан әулиенің
басы жөндеу көрмегенін, қасиетті жерді таза ұстау керектігін ескертіп, асқан
ұқыптылықпен қарауды тапсырады. Бұл туралы «Өскен өркен» романына  енген
«Оңтүстік сапарынан» жолжазбасында жазушы төмендегідей дерек қалдырыпты: «Біз
Кентауға  Балықшыдағы шопандар демалыс үйінен шығып, Қаратаудың қалың
қатпарын аралай отырып жеткен едік. Қаратаудың іші-тысын, бар жерін жақсы
білетін Созақ совхозының агрономы Балтабайға осы өңірдегі Қаратаудың Кентауға
дейін кездесетін көріністерін айтқызып едік. Ол санаған жер аттары бір
шежіредей. Бұл жолда кезігетіндер: Көктөбе, Ақтөбе, Ақназар, Сананың сазы,
Қызтөккен (бұл бір қыз, бір жігіттің өлімін аңызбен баяндайтын жер), содан әрі
Балықшы әулие, Бөкенбай әулие, Құлметей әулие (аттарына қарағанда, бір дәуірде
Қаратауды кернеген ишан-пірлердің, қожа-молданың қарапайым қазақтан да қас
әулиелер жасап жүргендерін танытады). Тағы да жолдағы жерлер атауын атасақ,
Бөжінің белі, Жамантас, Мұзбел, Қоғашық өзені, Көксарай (Қойтас) боп саналады
да,  содан әрі қарай Түркістан ауданына кететін еңіс, бөктерлер басталады.
Ауданның жұмысшы қызметкерлерінің көпшілігі  мал басындағы шопандар
болғандықтан облыстық профсовет көмегімен аудандық партия комитеті, атқару
комитеті зер салып жүріп, өткен жазда  Қаратаудың қалың ортасындағы мол
тоғайлы, жемісті «Балықшы әулие» атанған мөлдір бұлақ басына шопандардың
демалыс үйін құрған. Ол да әлі көбінше киіз үйлі демалыс жайы болғандықтан
Созақтың жолдарындай ауыр қатынасындай, артезиан құдықтар қамындай көмек, тілек
етеді.
Байтақ Созақ сахарасына  сонау өткен ғасырларда
сауда керуенін  бастап келген мың сан саудагерлер, машайықтар, әулиелер
мен ғұлама ғалымдар, діндарлар мен саяхатшылар, диуаналар мен жиһангерлер,
бақсы-балгерлер, жыршылар мен әнші-күйшілер, сайқымазақтар Арқаның алтын
қақпасы Суындық асуы арқылы келген... Сол себепті бұл асу кезінде тоғыз жолдың
торабындағы сауда керуендері аялдайтын орталық болған. Осы Суындық асуынан
Созақ өңіріне аяқ басқан, батысты бөктерлеп Ақсүмбе, Шиеліге қарай, шығысты
бөктерлеп Бабата, Құмкентке қарай, тіке Боқтыша (кейде Боқша) арқылы Шудың
алқабына қарай сан тарау сүрлеуге түскен. Суындық асуында Бөкенбай әулие,
Балықшы әулиелер сияқты белгілі, белгісіз бірнеше даналарымыз осы жерлерде
мәңгілікке тыныс тапқан. Бұл асуға аяқ басқан соң, жазықты алаңқайларда
көптеген даңқты адамдар жерленген киелі мекендердің нобайын байқауға болады.
Былайша айтқанда ұлы дала пантеоны болған деседі.
Біз Суындық асуын қайта қалпына келтіріп, Сарыарқаның
негізгі қақпасы ретінде бағалап, ұлттық саябақ болмысында ұлықтай білсек рухани
жаңғыру жолындағы ұлағатты ісіміздің басы болар еді». 
Оңтүстік сапары кезінде М.Әуезовтың жанында болған
белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов та, басқа да қаламгерлер шығармаларына әулие
басындағы Әуезовті арқау еткен. Сонда қасындағыларға: «Кезінде аталарымыз
осында бие байлап, қымыз ішкен. Осы Суындықта жатқан Балықшы мен басқа да
әулиелердің бәрі – араб әскерлерінің қолбасылары, мұны мен кішкентай кезімде
атам Омарханнан естігенмін», – деген екен.
Балықшы
әулие басында үлкен бұлағы бар, суы суық, емдік қасиеті мол. Бұлақ басы
тоғайлы, тасты жер, балығына ешкім тиіспейді. Әулиеге түнеп сыйынушылар
балықтарға жем тастап, ырым етеді. Әулиенің  қасиеті – жолаушыға ақ жол оңғарады.
Тазалықтың, адалдықтың, ырыс-ынтымақтың дәнекері, батагөй рух. Кез-келген
аурудың шипагері, жабыққанды жебеуші ретінде таниды.
Саңғыл ата кесенесі
Саңғыл би (туған,
қайтыс болған жылдары белгісіз) –
ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген әйгілі би, әулие, қоғам қайраткері. Қоңырат
тайпасынан шыққан. Саңғыл бидің басты қасиеті – ұрпағына жанашыр пейілінде,
сондай-ақ ел қамын жеген игі кісілерге қамқор көңілінде. Оларға ақыл-парасат,
ой тереңдігі мен көрегендігін дарытуға дәнекер болған. Басына қойылған белгісі
мен қабірі Созақ ауданы Қозмолдақ ауылының оңтүстік-шығысындағы Бесбұлақ
ауылының іргесінде орналасқан.
Саңғыл би кесенесі –
сәулет өнерінің ескерткіші. 1999 жылдары салынған. Биіктігі – 18 метр болса,
жалпы көлемі – 78 шаршы метр. Кесене есігі шығысқа қараған. Кіреберісте үш есік
бар: тіке, оң және сол қаптал есігі. Тіке есік Саңғыл би жатқан бөлмеге, ал оң
және сол қаптал есіктер екінші қабатқа көтеріледі.
 Бізге жеткен деректер бойынша Саңғыл руының
түбірі мен тегін Шыңғысты таққа отырғызып, хан көтерген тарихи қайраткерлердің
бірі Саңғыл биден таратады. Түрік, Моңғол шежірелерінде аты қалғанына қарап
тарихшылар Саңғылды 1180 жылдары туған деп тұжырымдайды. Саңғылдың  Шыңғыс ханға жақын жүруін оның бәйбішесі
Бөртеге рулас туыстығынан деп жорамалдайды. Шыңғыс ханның кейбір қатыгездігін
көзімен көрген Саңғыл би барынша хан ордасынан іргесін аулақ салуға тырысып,
Қаратаудың теріскей бетіне ат басын тіреген көрінеді. Алғаш келіп түйенің белін
шешіп тоқтаған жерге ту тігіп, тұрақты мекеніне айналдырады. Ел отырықшылыққа
көшіп ес жия бастағанда артынан ерген елімен, өз балаларымен бірге қазіргі
сағана орнына қорған қамал тұрғызған екен. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша,
бұл қорғанның биіктігі 40 кез болыпты.
Саңғыл би есімі орыс
және қазақ тілдеріндегі зерттеулерде кездеседі. Атап айтқанда, Н.А.Аристовтың
«Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их
численности» (1897) еңбегінде, Ш.Құдайбердиевтің «Шежіресінде» Саңғыл бидің аты
Сенгеле деп берілген. Аса көрнекті ғұлама, қазақ тарихының білгірі, профессор
А.Машановтың Әл-Фарабиге арналған зерттеулерінде бұл есім анығырақ «Саңғыл» деп
жазылған. 
Тарихи романшы, ойшыл суреткер Ә.Кекілбаев «Елдік пен
ерлік киесі» деген мақаласында «Шыңғыс ханды хан сайлағанда қазіргі қазақ
руларынан үйсін Майқы би мен қоңырат Саңғыл би қатысты» деп жазады. Ескі аңыз
бойынша Шыңғысты ақ киізге көтеріскен қоңырат Саңғыл биге: «Ұраның – қоңырат,
құсың – қыран, ағашың – алма ағаш, таңбаң – ай болсын», – деп бата берген
дейді. Саңғыл би руының ұраны «Мүлкаман» болуына қарап, кейбір зерттеушілер
Саңғылды Мүлкаман батырдың шөбересі деп те атайды. 
Хақназар хан кесенесі
Кесене Созақ аулының маңынан 6 шақырым қашықтықта
орналасқан. Қарабура кесенесін салу барысында 7 адамның құлыптасы табылған.
Соның бірі – 42 жыл қазақ жерінде хандық құрған Хақназар ханның құлпытасы.
Кейін 2012-2013 жылдары ұрпақтары белгі ретінде кесене тұрғызған.  
Кесене алыстан қарағанда қазақ батырының дулығасы секілді
көрінеді. Оның еліміздегі өзге де тарихи-мәдени ескерткіштерден ерекшелігі де
осында. Кесененің жалпы аумағы бірнеше шаршы метрді алып жатыр. Биіктігі – 16
метр. Қабырғасы арнайы алдырылған Жаңаөзеннен марлен тасынан қалынған.  
Кесененің сызба нұсқасын танымал сәулетші К.Демесінов
жасаған. Кесене ішінде қазақ руларының таңбалары бейнеленсе, сыртына қазақ
халқының басынан кешкен оқиғалары мен әр кезеңдегі тыныс-тіршілігі салыныпты.
Ғимараттың есігі арнайы тапсырыспен жасалған. Есіктің өрнектері парсы стилінде.
Бұл нысан еліміздің құнды жәдігерлерінің қатарына енді.