Созақ ауданының ресми сайты

Білім саласы

Білім саласы

Созақ ауданында білім беру саласы да маңызды орын алады. Созақ ауданының мектептері мен білім беру мекемелері балалардың сапалы білім алуына, мәдени және рухани дамуына зор ықпал етуде. Білім беру жүйесінде оқушыларға тек академиялық білім ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер де үйретіледі.

Аудандағы мектептерде заманауи технологиялар мен әдістемелер қолданылып, білім сапасын арттыру мақсатында түрлі жұмыстар жүзеге асырылуда. Мұғалімдер мен оқушылар арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық орнату, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың бойында ұлтжандылық пен патриотизм рухты қалыптастыру білім беру саласының басты мақсаттарының бірі болып табылады. Бұл ауданның болашақ ұрпақтарының білімді, тәрбиелі және саналы азамат ретінде қалыптасуына зор мүмкіндік береді.

Аудан бойынша қазіргі уақытта жалпы саны 35 мектеп пен 38 балабақша жұмыс атқарады, олардың 17-сі мемлекеттік, 21-і жекеменшік. 2023-2024 оқу жылында ауданда 1 536 бала 1 сыныпқа қабылданып, жалпы оқушы саны 15 523-ке жетті. Аталған оқу жылында аудан бойынша жалпы орта білім беретін мектептерді 974 түлек аяқтады. Олардың ішінде 62 оқушы «Алтын белгі» белгісін, 80 оқушы үздік аттестат иеленді. 809 түлек жоғары оқу орындарына түсті, соның 420-сы мемлекеттік грантқа, 390-ы ақылы негізде оқуға қабылданды. Ал, 109 түлек арнаулы оқу орындарына түскен, оның 61-і грантқа, 48-і ақылы негізде қабылданды. 17 түлек әскерге аттанды.

Мектептерге бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Бүгінгі таңда Созақ аудандағы 3 мектепте, атап айтар болсақ Абай атындағы жалпы білім беретін, Ғабиден Мұратбаев атындағы жалпы білім беретін және Жамбыл атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектептерде оқушылар тасымалы ұйымдастырылған. Балалар жылы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыс мектептеріне лизинг тәсілімен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 3 заманауи автобус сатып алынды. Қазіргі таңда осы автобустармен 92 бала тасымалданып, оқытылады.

2022 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын әзірлеуді және жүзеге асыруды тапсырған болатын. Соның негізінде Шолаққорған ауылында 900 орынға шақталған «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді.

Балабақша балалардың алғашқы білім алу және әлеуметтік ортаға бейімделу кезеңі. Бұл мекеме жас ұрпаққа тек білім емес, сондай-ақ тәрбие, рухани даму, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жолында маңызды рөл атқарады. Аудандағы 38 балабақшада 4 171 бала, оның ішінде мемлекеттік балабақшаларда 2 480 бала, жекеменшік балабақшаларда 1 691 бала тәрбиеленуде. Қазіргі уақытта 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 99,6%-ды құрайды, ал 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылуы 100%-ды көрсетіп отыр. Аталған балабақшалар оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыру мақсатында үздіксіз жұмыс істеп келеді.