Созақ ауданының ресми сайты

Мәдениет және спорт саласы

Cозақ аудандық мәдениет бөлімінің тарихы тереңде жатыр. 1943 жылдары қызыл отау негізінде жұмысын бастаған мәдениет ошақтары – бұл күндері қанатын кеңге жайған мәдени орындар. Сол кездегі қызыл отаудың құрамында халық жыраулары Қ.Төлеуов, Т.Момбеков, Ф.Үрмізов т.б. өнерпаздар ауылдарда ойын-сауық ағарту жұмыстарын жүргізді. (Қызыл отау – Кеңес дәуіріндегі әйелдердің сауатын ашуға, оларға жаңа қоғамдық сана қалыптастыруға бағытталған мәдени-ағартушылық ұйым. Уақыт өте келе бұл ұйымдар мәдениет үйлеріне айналды).

1946 жылы аудандық мәдениет бөлімі құрылып, аудан көлемінде түрлі мәдени-ағарту шаралары өткізіле бастады. Ірі елдімекендерде ауылдық клубтар, кітапханалар ашыла бастады. Нәтижесінде 1958 жылы өткізілген халық шығармашылығының І фестивалінде аудан көркемөнерпаздары, оның ішінде халық аспаптар оркестрі, жеке орындаушылар, әншілер өнер көрсетті.

Аудандық мәдениет үйінің «Самал» эстарадалық ансамблі, фольклорлық «Теріскей сазы», т.б. өнер ұжымдары өлке мәдениетіне елеулі үлес қосты. 1986 жылы Қазақ теледидарында бір сағаттық концерттік бағдарлама көрсетілді. Осы жылдарда Созақ ауданының Құрметті азаматы Г.Асқаров бастаған өнерпаздар О.Нұржанбаев, М.Өтенбаев, Ж.Әлдекеев, С.Аппазова, Г.Төлегенова, К.Шал сияқты таланттар өнерлілер көшіне ілесті. Ал 1998 жылы аудан әкімі Қ.Айтахановтың бастамасымен «Теріскей таланттары» халық өнері фестивалінің тұсауы кесілді. 2018 жылы 1 наурызда фестивальдің 20 жылдығы кең көлемде атап өтілді.

Созақ аудандық мәдениет бөліміне сол жылдардан бері басшылық жасаған Т.Бектаев, Р.Бидаулетов, Қ.Әміреев, А.Әміреев, Ә.Айдарбеков, А.Аманжолов, Я.Амандықов, М.Теміров, Т.Нүркелеков, Т.Жақсыбаев, Н.Дүйсенбеков, Қ.Мыңжан, Н.Әлиев, Б.Айдарбеков өлке мәдениетін дамытуға қызмет жасады. Бұл күндері Созақ ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне М.Ниязәліұлы басшылық жасайды.

Қазіргі таңда Созақ ауданында 42 мәдени мекеме аудан халқына қызмет көрсетеді. Олардың қатарында Мыңжылқы, Қаратау, Созақ, Қыземшек, Таукент, Құмкент, Қарақұр, Аққолтық, Тасты елдімекендеріндегі мәдениет үйлері, Тайқоңыр, Ақсүмбе, Шу, Жуантөбе, Сызған, Қызылкөл, Жартытөбе, Бабата жерлеріндегі ауылдық клуб мекемелері, кітапханалар, тілдерді оқыту және дамыту орталығы мен мұражай бар. Бұл мекемелер аудан тұрғындарына мәдени шаралар ұйымдастыру, кітап оқуды насихаттау, өнер мен шығармашылықты дамытуға бағытталған түрлі іс-шаралар өткізу қызметтерін атқарып жүр.

Созақ ауданының мәдени өмірінде ерекше орын алатын мекеме – «Мыңжылқы» мәдениет сарайы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны. Шолаққорған кентінде 1989 жылы жұмысын бастаған бұл мәдениет ошағы аудан тұрғындарының рухани байлығын арттыруға, ұлттық өнерді насихаттауға және жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды орталық болып табылады. Осы уақытқа дейін онда Н.Нұркеев, П.Иманқұлов, Ә.Нысанбаев, Ә.Нұрмағанбетов, М.Арғынбаев, М.Бұрышов, С.Шынәлиев, Ғ.Исмайлов, С.Батырбеков, Б.Избалаев, Д.Абраев сынды азаматтар басшылық етті. Қазіргі таңда Қ.Момынов жетекшілік етіп  отыр.

Аудан мәдениетін тілге тиек еткенде Созақ халық театры туралы айтпай кету мүмкін емес. Театрдың негізі сонау 1967 жылы Якуда Амандықовтың бастамасымен дарама үйірмесі ретінде қаланды. Алғашқы репертуарында И.Мақатовтың «Шекарада», И.Сатыбалдиевтің «Отыз тиын штраф» атты туындылары сахналанып, көрермен жүрегінен орын алды. Я.Мұхаммеджановтың «Сандықтан шыққан шайтан» спектаклі де сол жылдары қойылған болатын.

1969 жылы П.Иманқұлов, А.Шәдібеков, М.Абылов, А.Оспанов, Н.Нарымбетов, М.Тұрғанбаев, Н.Нүркеев сынды өнер иелерінің қатысуымен  Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» шығармасы желісімен қойылым әзірленді. Ол облыстық драма үйірмелері байқауында озық деп танылып, жүлделі орынға ие болды. Осы жетістіктің нәтижесінде жоғары аттестациялық комиссияның шешімімен драма үйірмесіне Созақ халық театры атауы берілді.

1972 жылы Алматы театр студиясының түлегі Мүзір Ахатұлы Арғынбаев режиссёрлік тізгінді қолға алып, театрдың шығармашылық тынысын кеңейте түсті. Ал 1973 жылы театр ұжымы Бәтима Тойлыбаеваның режиссерлігімен  М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектаклін сахналап, республикалық байқаудың лауреаты атанды.

1981 жылы театр ұжымы жаңарып, құрамы тағы да толықты.  Нәтижесінде ұжым облыстық, республикалық, бүкілодақтық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Атап айтар болсақ, М.Хасеновтың «Пай-пай, жас жұбайлар» комедиясымен республикалық байқаудан ІІ орын иеленсе, 1984 жылы С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» поэтикалық драмасымен І орынға ие болды. Ал 1991 жылы Алматы қаласындағы академиялық драма театрында С.Ғаббасовтың «Айтылмаған сыр» атты пьесасын сахналап, көрерменнің көңіліне жол тапты. Бұл жетістіктер театрдың кәсіби деңгейін әйгілеп, мерейін одан сайын арттыра түсті. Сондай-ақ, театр сахнасында өмірге келген Я.Амандықовтың «Ауру мен ажал», «Күйреу», Ғ.Мүсіреповтың «Қозы көрпеш – Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Ана – жер Ана», Қ.Мұхамеджановтың «Сандықтан шыққан шайтан», Қ.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», М.Хасеновтың «Қыз сыры» секілді көптеген қойылымдар Созақ халық театрының өзінің қолтаңбасына айналды.

Бұл тұста театрдың дамуына ерекше үлес қосқан суретші Жұмахан Отар мен режиссёр Мүзір Арғынбаевтың еңбектерін айтпай кетуге болмайды. Сонымен қатар С.Батырбеков, Ғ.Исмайлов, Б.Сәуірбаева, П.Қыстаубаева секілді өнерпаздар да жиырмадан аса қойылымды сахналап, есімдері театр шежіресіне алтын әріптермен жазылып қалды.

Б.Уақытовтың «Періште алтын көрсе жолдан таяды», С.Жүнісовтың «Қызым саған айтам», М.Әуезовтың «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» Қ.Мұхаммеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», С.Қасановтың «Пай-пай, жас жұбайлар-ай», Д.Исабековтың «Әпке», О.Бодықовтың «Жан азабы» және «Қара құм» традегиясы, Әкім Таразидің «Қыз махаббаты», Қ.Мұхамеджановтың «Құдағи келіпті» спектакльдері де театр репертуарында ерекше орын алды. Аталған  қойылымдармен театр ұжымы берісі Қызылқұм, Шардара, Алғабас, Жамбыл, Сарысу өңіріне, арысы Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларына гастрольдік сапар жасап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын.

Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» спектаклі сахнаға қойылып, театр үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 1984 жылы республикалық байқауда Төлеген Нұркелековтің жетекшілігімен және Мүзір Арғынбаевтың режиссерлігімен С.Жүнісовтың «Жаралы гүлдер» атты екі бөлімді драмасы І орынға ие болып, театр ұжымы республикалық байқаудың лауреаты атанды. Сол кезеңдері Қ.Мұхаммеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», С.Жүнісовтың «Қуырдақ дайын», А.Боранбаевтың «Пара», Д.Исабековтың «Түйе тауық», «Домино», «Есепшот» сынды туындылары көрермен назарына жиі ұсынылып жүрді.

1966 жылдан 2003 жылға дейін Созақ халық театрының режиссері қызметін С.Батырбеков атқарды. Ал 2003 жылдан 2011 жылдың шілде айына дейін бұл қызметті арнайы режиссер маманы Н.Сейілбеков жалғастырды. Созақ халық театры осы кезеңдері де мәдениет саласына елеулі үлес қосты. Театр ұжымы сахналаған Д.Исабековтің «Алыстан келген ананас», «Есепшот», «Түйетауық», «Домино» атты спектакльдері, О.Бодықовтың «Ойбай, күйеу керек» комедиясы, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» және Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» драмасы әп-сәтте көрермен көзайымына айналып үлгерді.

Театр репертуарындағы О.Бодықовтың «Үйленгім келмейді» атты комедиялық қойылымның да ерекше өзіндік орны бар. С.Батырбековтың режиссерлігімен сахналанып, көпшілік назарына ұсынылған бұл қойылым республикалық халық театрлары аттестациясында жақсы деген бағаға ие болған еді. Әйткенмен, театр ұжымы мұнымен тоқтап қалған жоқ, бұдан кейін де жаңа қойылымдар дайындауды жалғастырды. Ш.Шаймерденовтың «Төрт бойдақ – бір қыз» комедиясы және жергілікті драматург Б.Айдарбековтың «Қара мең» спектаклі сахналанып, аудан көрермендерінің назарына ұсынылды.

2006 жылы Созақ халық театрының 35 жылдық мерейтойына орай ауданда арнайы іс-шара ұйымдастырылды. Онда театр өнерінің дамуына үлес қосқан ардагерлердің басын қосқан салтанатты жиын өткізілді. Бұл кездесуде театрдың тарихы мен жетістіктері сөз етіліп, ардагерлерге арнайы құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, мерейтой аясында аудан орталығында тал көшеттері отырғызылып, аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» атты драмалық қойылымы сахналанды. Аталған мерекелік шара театр ұжымының рухын көтеріп, ауданның мәдени өміріне тың серпін бергені анық.

Қазіргі таңда Созақ халық театрын 2017 жылдан бері қарай Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының түлегі Рүстем Ерназаров басқарып келеді. Оның режиссерлігімен Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», Б.Айдарбековтың «Желтоқсан ызғары» қойылымдары сахналанған болатын. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында театр жүлделі орындардан да көріне білді. Мәселен, 2023 жылы театр облыстық «Театр – өмір айнасы» байқауында І орынды иеленcе, 2024 жылы «Театр – өмір айнасы» облыстық театрлар арасында өткен байқаудың дипломанты атанды.

Жыл өткен сайын театр ұжымы жаңа леппен толығып, тың жоспарлар құрып келеді. Соңғы жылдары Сая Қасымбектің «Ақтышқанның ақылы» атты балалар ертегісі, Қ.Мұхаметжановтың «Құдағи келіпті», Б.Айдарбековтың «Жұмаққа жетелер жол» және М.Байжиевтің «Тіл табысқандар» спектакльдері, 2024 жылы наурыз айынан бастап М.Дүйсебекованың режиссерлігімен Б.Айдарбековтің «Бибі-Айша», «Күнә мен жаза» қойылымдары сахналануда. Бүгінде театр ұжымы шығармашылық жұмыстарын одан әрі дамытып, аудан халқына мәдени қызмет көрсетуді жалғастырып келеді.

Қай өнер шаңырағы болмасын, оның табысты болуы үшін тұрақты көрермені болуы шарт. Осы талап үдесінен шығып, ширек ғасырдан астам уақыт бойы өз өнерімен аудан тұрғындарының қошеметіне бөленіп келе жатқан Созақ аудандық халық театры – осындай ұжымдардың бірі. Театр болып құрылғалы бері құрамы талантты жастармен толықтырылып, шығармашылық әлеуеті арта түсуде. Театр өзінің ерекше қойылымдарымен, актерлерінің шеберлігімен және халықтың рухани байлығын насихаттаумен танылып келеді. Театр ұжымы халықтың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрлерін және ұлттық құндылықтарды сахна арқылы көрсетуге ерекше назар аударады. Ұжымның әрбір қойылымы – қазақ халқының терең тарихын, мәдениетін және дәстүрлерін көрсетуге арналған бірегей шығармашылық жолы. Ұжым мүшелері бір мақсатта, ұлттық өнерді дамыту және халыққа қызмет ету үшін жұмыла еңбек етуде.

Созақ халық театры – ұлттық өнеріміздің жаршысы әрі халықтың рухани байлығын сақтаушы ұжым. Оның шығармашылығы мен жетістіктері қазақ театрының дамуына қосылған үлес болып табылады. Театр ұжымы болашақта жаңа биіктерге жетіп, ұлттық өнерді одан әрі дамытуда өзіндік рөл атқаратын болады.

Спорт саласы да ауданның маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Созақ ауданында тұрғындардың денсаулығын нығайту және спортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Аудан аумағында қазіргі таңда 148 спорттық нысан жұмыс істейді. Бұл спорттық нысандар тұрғындарға түрлі спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік беріп, бұқаралық спортты дамытуға зор үлесін қосып келеді.

Ауданның спорттық инфрақұрылымы тек қана спорт кешендерімен шектелмейді. 2024 жылы аудан аумағында 6 балалар ойын алаңшасы, 8 кіші футбол алаңшасы салынды. Бұл алаңшалар әсіресе балалар мен жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттырып, денсаулық сақтау мен физикалық белсенділікті дамытуға бағытталған.

Ауданда спортпен тұрақты түрде шұғылданушылардың саны да айтарлықтай өскен. 2024 жылдың соңына қарай, бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 24 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ын құрады. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының дене шынықтыруға деген ынтасының артып келе жатқанын көрсетеді.

Созақ ауданында спорт инфрақұрылымының дамуына қатысты тағы бір маңызды жобаның іске асырылуы басталды. Шолаққорған ауылында республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл кешен ауданның спорттық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындарға спортпен шұғылдану үшін жоғары сапалы жағдайлар ұсынатын болады. Жоба 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Кешен аудан халқының спортпен шұғылдануға деген ынтасын арттырып, жастар арасында спортты насихаттауға зор ықпал етеді.

Созақ ауданында мәдениет пен спорт саласының дамуы тұрақты және кешенді түрде жүзеге асырылуда. Мәдениет үйлері мен клубтар, кітапханалар аудан халқының рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, мәдени шаралардың ауқымы кеңеюде. Спорт саласында салауатты өмір салтына көңіл бөлініп, спорттық нысандардың саны артып келеді. Сонымен қатар, заманауи спорт кешендерінің құрылысы ауданның спорт инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, жастар мен балалар үшін маңызды қолдау көрсетеді.

Бұл үрдістер аудан тұрғындарының мәдениетке және спортқа деген қызығушылықтарын арттыруға, денсаулығын жақсартуға және ұлттық бірлікті нығайтуға өз үлесін қосады. Созақ ауданының мәдениет және спорт саласындағы жетістіктері мен жобалары алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.