Созақ ауданының ресми сайты

Денсаулық саласы

Денсаулық сақтау жүйесінің басты бағыттарының бірі ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. Бұл мақсатта жүйелі түрде ана мен нәрестелердің өлімін болдырмауға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылып, өлім-жітімді барынша төмендету көрсеткіштері жетілдірілуде.

Одан бөлек ауданда денсаулық сақтау саласының әрбір көрсеткішін төмендетуге бағытталған алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Нәтижесінде 2023-2024 жылдар аралығында туберкулезден болған өлім көрсеткіші тіркелген жоқ.

Созақ ауданында 28 емдеу мекемесі халыққа медициналық қызмет көрсетеді, оның ішінде 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 МСАК орталығы, 9 дәрігерлік амбулатория, 4 ФАП және 13 медициналық пункт бар. Мұндағы Созақ аудандық орталық ауруханасы аудан халқына мамандандырылған стационарлық және емханалық көмек көрсетуге жауапты емдеу-алдын алу мекемесі, сондай-ақ ауданның барлық денсаулық сақтау мекемелеріне ұйымдастыру-әдістемелік және шұғыл басқаруды қамтамасыз ететін орталық болып табылады. Бұл мекеме сапалы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады. Аурухана Шолаққорған ауылында орналасқан және заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Орталық аудандық аурухананың негізгі міндеттеріне аудан халқына мамандандырылған стационарлық және емханалық медициналық көмекті тиісті көлемде қамтамасыз ету, жедел және ұйымдастыру-әдістемелік басқару, аудан денсаулық сақтау мекемелерінің қызметін бақылау, медицина мекемелерінің желісін жетілдіру және осы бағыттағы іс-шараларды жоспарлы түрде дамыту, аудан денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын жоспарлау, қаржыландыру және материалдық-техникалық жабдықтауды ұйымдастыру, аудан халқына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға, аурушаңдықты, мүгедектікті, ауруханадағы өлім-жітімді, балалар арасындағы және жалпы өлім-жітімді азайтуға, жасөспірімдер денсаулығын нығайтуға бағытталған іс-шараларды жүргізу, аудандағы емдеу-алдын алу мекемелерінің өз міндеттерін атқаруда кең көлемде және мерзімінде науқастарды анықтаудың және алдын алудың заманауи әдістері мен тәсілдерін енгізу шаралары кіреді. Бұл шаралар аудан халқының денсаулығын жақсартуға, медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыруға және ауданның денсаулық сақтау жүйесін тиімді әрі нәтижелі дамытуға бағытталған.

Аурухана 1955 жылы құрылған. Алғашқы кезеңде терапия, хирургия, педиатрия, перзентхана бөлімдері ашылып, халыққа қызмет көрсетіліп отырған. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылдың 11 тамызындағы №218 қаулысы негізінде Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2017 жылдың 2 қазандағы №763 бұйрығына сәйкес Созақ аудандық орталық аурухана мен Созақ аудандық емханасы бірігіп, ШЖҚ «Созақ аудандық орталық ауруханасы» МКК болып қайта құрылды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2018 жылдың 30 қаңтарындағы №31 қаулысы негізінде «Таукент ауылдық ауруханасы» және «Қыземшек ауылдық ауруханасы» 2018 жылдың 2 ақпанынан бастап ШЖҚ «Созақ аудандық орталық ауруханасы» МКК құрамына кірді. Жер көлемі – стационарлық 67998,62 шаршы метр, амбулаториялық поликлиника 3740 шаршы метр, қолданыстағы алаңы 5762,88 шаршы метр. Созақ аудандық орталық ауруханасы қазіргі таңда аудан халқына стационарлық көмек, стационаралмастыру көмегі, амбулаториялық көмек, консультативті-диагностикалық көмек, жедел медициналық көмек, стоматологиялық көмек, реабилитациялық көмек, физиотерапевтикалық көмек көрсетеді.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, еліміздің барлық медициналық мекемелеріне Face ID технологиясы қолданылады. Бұл жаңалық денсаулық сақтау саласын цифрландыру жолындағы маңызды қадам ғана емес, сонымен бірге азаматтардың медициналық қызметке деген сенімін арттыруға бағытталған озық бастама болып табылады. Созақ аудандық орталық ауруханасында бұл заманауи жүйе 2025 жылдың 10 қаңтарынан бастап жұмыс істеп жатыр.

Созақ ауданының денсаулық сақтау саласы заманауи технологиялар мен тиімді басқару жүйелерін енгізу арқылы дамып келеді. Бұл аудан тұрғындарына сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Ауруханалар мен емханалардың заманауи жабдықталуы, жаңа технологиялардың енгізілуі және жедел әрекет ету жүйелерінің тиімділігі ауданның денсаулық сақтау саласының тұрақты дамуына ықпал етуде.